Жетісу облысында сатушылар арасындағы дау төбелеске ұласқан: полиция қылмыстық іс қозғады
Бір адам ауруханаға түскен
Жетісу облысының Ақсу ауданында сатушылар арасындағы келіспеушілік соңы бұзақылық пен төбелеске ұласты. Оқиға куәгерлері түсірген бейнежазбада әйел адамның полицейдің көзінше жерде жатқан екінші әйелді беттен тепкені анық көрінеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, жанжал саудагерлердің бір бөлігі арнайы жабдықталған жаңа базарға көшірілгеннен кейін, «сатып алушыларды бөлісу» салдарынан шыққан. Төбелес барысында соққыға жығылған жәбірленуші ауруханаға түсті.
Аталған дерек бойынша полиция қызметкерлері қылмыстық іс қозғады.
«Ұрып-соғу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаға қатысушылардың барлығы анықталып, аудандық полиция бөліміне жеткізілді. Алдын ала мәліметтер бойынша, күдікті мен жәбірленуші бұрыннан таныс болған. Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайын анықтауға және қатысушылардың әрекетіне құқықтық баға беруге бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр», - деп хабарлады полиция өкілдері.
Тергеу аяқталған соң Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес процестік шешім қабылданады. Ал ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесі үшін өзге де ақпарат жария етуге жатпайды.