Байтақтықтар «Жоңғар-Алатауы» ұлттық паркінде табиғатты қорғау мәселесін талқылады
Қатысушылар экологиялық ағарту жұмыстарын күшейтуді алға тартты
Сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары аясында «Табиғат – ұлттық мұра» республикалық сараптамалық дөңгелек үстелдер циклі жалғасты. Кезекті кездесу «Жоңғар-Алатауы» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің ұжымымен өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Басқосуда биоалуандықты сақтау, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды дамыту, табиғатты қорғау саласындағы өзекті түйткілдер талқыланды. Сонымен қатар мемлекеттік инспекторлар тәжірибесі, ғылыми мониторинг жүргізу, браконьерлікпен күрес және экологиялық туризмді дамыту мәселелеріне назар аударылды.
Қатысушылар экологиялық ағарту жұмыстарын күшейтіп, табиғатты қорғау заңнамасын жетілдіруге қатысты ұсыныстарын ортаға салды. Сала мамандары қоршаған ортаны қорғауда ғылым, мемлекеттік органдар, қоғамдық ұйымдар мен сарапшылардың өзара ынтымақтастығы маңызды екенін атап өтті.
«Табиғат – ұлттық мұра» сараптамалық кездесулерінің мақсаты – табиғатты қорғау саласындағы мамандардың тәжірибе алмасуына жағдай жасап, қоршаған ортаны сақтауға бағытталған ортақ ұсыныстарды қалыптастыру.