Байтақтықтар экологиялық сенбілікте 140 қап қоқыс жинады
«Таза Ел: Жарқын болашақ» бағдарламасы аясындағы экологиялық бастамалар алдағы уақытта да жалғасады
Өскемен қаласында «Байтақ» партиясынан Құрылтай сайлауына кандидат Алмаз Джакишевтің бастамасымен экологиялық сенбілік өтті. «Таза Ел: Жарқын болашақ» бағдарламасы аясындағы шараға партия белсенділері мен сенімді өкілдері атсалысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Сенбілік Ертіс өзенінің жағалауындағы «Березовая роща» аумағында және Куленовка шағын ауданындағы су қорғау аймағына жақын жерде жүргізілді. Қатысушылар тұрмыстық және құрылыс қалдықтарын, сондай-ақ ірі көлемді заттарды жинап, жиыны 140 қап қоқыс шығарды.
«Біздің мақсат – сенбілік үшін ғана сенбілік ұйымдастыру емес. Біз ең алдымен ұзақ уақыт бойы назардан тыс қалған, тазалауды қажет ететін аумақтарға баруға тырыстық. Табиғатқа жауапкершілікпен қарау нақты іспен көрінуге тиіс», - деді Алмаз Джакишев.
Кандидаттың айтуынша, өзен жағалауы мен су қорғау аймақтарының тазалығы ерекше маңызды. Мұндай жерлерге тасталған қоқыстың табиғи ортаға кері әсері әлдеқайда көп.
«Таза Ел: Жарқын болашақ» бағдарламасы аясындағы экологиялық бастамалар алдағы уақытта да жалғасады. Ұйымдастырушылар тұрғындарды табиғи аумақтарды таза ұстауға және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға шақырды.