ЖСДП өкілдері Жезқазғанда коммуналдық сала мамандарымен кездесті
Кездесу барысында еңбек жағдайы мен әлеуметтік кепілдіктер мәселесі көтерілді
Жезқазғанда ЖСДП-ның Ұлытау облыстық филиалы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, абаттандыру және қалалық қызмет көрсету саласының мамандарымен кездесу өткізді. Жиында коммуналдық сала қызметкерлері жұмыс барысында кездесетін мәселелер мен қала инфрақұрылымына қатысты ұсыныстарын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Кездесу барысында еңбек жағдайы мен әлеуметтік кепілдіктер мәселесі көтерілді. Сала мамандары жұмыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету, еңбекақыны әділ төлеу және қызметкерлерге қолайлы еңбек жағдайын жасау қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар коммуналдық шаруашылықты басқару жүйесін жетілдіру, жұмыс үдерістерінің ашықтығын арттыру және мемлекеттік органдар, сала мамандары мен қоғам арасындағы байланысты күшейту мәселелері талқыланды.
Жиынға қатысушылар коммуналдық саладағы мәселелерді шешу үшін қаржыландырумен қатар, жұмыс үдерістерін ұйымдастыру тәсілдерін де жетілдіру қажет екенін айтты.
Кездесуде айтылған ұсыныстар ЖСДП-ның Ұлытау облыстық филиалы тарапынан жинақталып, тиісті мемлекеттік органдарға жолданады.