ЖСДП: ауылда дәрігер болмаса, қолжетімді медицина туралы айту қиын
ЖСДП-ның Құрылтай депутаттығына кандидаты Нұрия Балтабайқызы медицина және әлеуметтік сала қызметкерлерімен кездесті
Жиында ауылдық жерлердегі медициналық көмектің қолжетімділігі негізгі тақырыпқа айналды. Кездесуге қатысушылар шалғай елді мекендерде фельдшерлік-акушерлік пункттердің жетіспеуі, жолдың қолайсыздығы салдарынан тұрғындардың дер кезінде медициналық көмекке қол жеткізе алмай отырғанын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Осыған байланысты ЖСДП ауылдардағы фельдшерлік-акушерлік пункттерді қысқартпау қажеттігін көтеріп, ауылға жұмыс істеуге баратын жас дәрігерлерді мемлекеттік қолдау тетіктерін қайта жандандыруды ұсынды. Партияның пікірінше, тұрғын үймен қамтамасыз ету, көтерме жәрдемақы төлеу және толық әлеуметтік пакет ұсыну ауылдағы кадр тапшылығын азайтуға мүмкіндік береді.
Кездесуде мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқықтарын қорғау мәселесі де сөз болды. Ерекше қажеттілігі бар бала тәрбиелеп отырған Нұрия Балтабайқызы ата-аналарға мүгедектікті рәсімдеу мен заңды құқықтарды қорғауға қатысты кеңес беруге дайын екенін жеткізді. Сөз соңында кандидат тұрғындар көтерген әрбір мәселе назардан тыс қалмайтынын айтты.
«Біз айтылған әрбір мәселені тіркеп отырамыз. Бұл – ертең дебаттарда да, бұқаралық ақпарат құралдарында да көтерілетін маңызды талдамалық материал. Мәселені айтпай, үнсіз қалсақ, ол өздігінен шешілмейді», – деді Нұрия Балтабайқызы.