«Байтақ» партиясы Шайқорық тұрғындарымен кездесті
Экономиканы дамыту – қоршаған ортаға зиян келтірмеуге тиіс
Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясының Жамбыл облыстық филиалы Әулиеата ауданындағы Шайқорық халқымен кездесті. Ашық диалогқа 40-тан астам тұрғын қатысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Облыстық филиалдың атқарушы хатшысы Ихтияр Мұрзахметов пен партияның сенімді өкілі Арман Мүсірепбаев сайлауалды бағдарламаның негізгі бағыттарын таныстырып, экологиялық қауіпсіздік, тұрақты даму, қоршаған ортаны қорғау және халықтың өмір сүру сапасын арттыру мәселелеріне тоқталды.
Тұрғындар да үнсіз қалмады. Олар тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптау, қайта өңдеу жүйесін енгізу, ауыз су сапасын бақылау, қоғамдық орындарды абаттандыру, кәріз тазарту құрылыстарын дамыту сынды түйткілдерді көтерді. Талқылаудан өнеркәсіп аумағындағы санитарлық-қорғау аймақтарын сақтау және өндірістік қалдықтардың экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесін де тыс қалмады.
Көпшілік бұл істе кәсіпорындардың экологиялық жауапкершілігіне ерекше мән беру керек дейді. Бұл пікірмен партия өкілдері де келіседі.
«Экономиканы дамыту – қоршаған ортаға зиян келтірмеуге тиіс. Сол үшін өндіріс ошақтарында заманауи экологиялық технологияны енгізу, зиянды қалдықты азайту, тұрғындармен ашық байланыс орнатудың маңызы зор»,- деді атқарушы хатшы.
Жасылдар партиясы айтылған барлық ұсыныс-пікірлер назарға алынып, жүйелегеннен кейін құзырлы мемлекеттік органдарға жолданатынын айтты.