Тағы да той кортежі: Жамбыл облысында елді шошытқан жас жігіт әлеуметтік желі арқылы табылды (ВИДЕО)
Оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде жарияланды
Жамбыл облысында той кортежі шу шығарып, жол қозғалысы ережесін өрескел бұзғандар жауапқа тартылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында автокөліктер кортежі анықталды. Онда көліктердің бірінің жолаушысы люктен шығып, қоғамдық тәртіпті өрескел бұза отырып, өзгелердің өмірі мен қауіпсіздігіне қатер төндіріп, отшашу атқан.
Құқық бұзған 18 жастағы қала тұрғыны анықталып, ұсталды. Оған қатысты елді мекенде пиротехникалық бұйымдарды пайдаланғаны, түнгі уақытта тыныштықты бұзғаны және ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Сондай-ақ жол ережесін бұзуға жол берген автокөлік жүргізушілері де жазаланды.
Полиция қоғамдық орындарда пиротехникалық бұйымдарды пайдалану, түнгі тыныштықты бұзу және Жол қозғалысы ережелерін әдейі елемеу – ойын-сауық емес, заң бұзушылық екенін қатаң ескертеді. Мұндай әрбір дерек анықталып, кінәлі тұлғалар міндетті түрде заңнамада белгіленген тәртіппен жауапкершілікке тартылады.