Жамбыл облысында 8 жыл бұрын жасалған қылмыстың беті ашылды
2018 жылы Меркі ауданындағы автожолда белгісіз ер адам әйелге қарақшылық шабуыл жасаған
Жамбыл облысында полиция қызметкерлері сегіз жыл бұрын жасалған қарақшылық шабуылдың бетін ашты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Облыстық ПД мәліметінше, кейде қылмыстық іс материалдарында сақталған бір ғана дерек жылдар өткен соң қылмыстың бетін ашуға себеп болады.
2018 жылы Меркі ауданындағы автожолда белгісіз ер адам әйелге қарақшылық шабуыл жасаған. Ол күш қолданып, жәбірленушіні соққыға жығып, алтын әшекейлерін тартып алып, оқиға орнынан бой тасалаған.
«Оқиғадан кейін бірден полиция қызметкерлері қажетті тергеу және жедел-іздестіру іс-шараларының толық кешенін жүргізді. Жәбірленушінің сипаттамасы негізінде күдіктінің фотороботы жасалғанымен, сол кезде оның жеке басын анықтау мүмкін болмады. Соған қарамастан, қылмыстық іс бойынша жұмыс тоқтатылған жоқ. Сегіз жылдан кейін ашылмаған қылмыстардың материалдарын зерделеу барысында полиция қызметкерлерінің бірі фотороботқа назар аударып, ондағы адамды бұрын көргенін таныған. Бұл мәлімет одан әрі жүргізілген жедел-іздестіру жұмысының басталуына негіз болды», – делінген ПД хабарламасында.