Қостанайда әлеуметтік қызмет көрсету орталығында ұйықтап жатқан жасөспірім көз жұмды
Оның өліміне ғимарат ішінде ыстық пен ауа жетіспеушілігі әсер етуі мүмкін
Қостанайдағы арнайы әлеуметтік қызмет көрсету балалар орталығында 14 жастағы ерекше қажеттілігі бар тәрбиеленуші көз жұмды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қостанай қаласының Солтүстік полиция бөлімі аталған дерек бойынша қылмыстық іс тіркеді. Оқиғаның нақты мән-жайы мен өлім себебін анықтау үшін қажетті сараптамалар тағайындалды.
«Қазіргі уақытта тергеу әрекеттері жүргізіліп, тиісті сараптамалар тағайындалды. Өлімнің нақты себебі мен барлық мән-жайы тергеу барысында анықталады», – деп хабарлады Қостанай облысы әкімдігі.
Алдын ала мәлімет бойынша, өлімнің ықтимал себептерінің бірі – жүректің тоқтап қалуы.
Әкімдіктің мәліметінше, қайғылы оқиға болған күні тәрбиеленушінің жағдайы қанағаттанарлық болған.
«Баланың дене қызуы көтерілмеген, ешқандай шағым болмаған. Ол белсенді болып, түскі асын ішкеннен кейін күндізгі ұйқыға жатқызылған», – делінген хабарламада.
Билік өкілдерінің айтуынша, мекемеде тәрбиеленушілерге тәулік бойы күтім көрсетіледі. Әр топта кіші медицина қызметкерлері тұрақты жұмыс істейді, медициналық бекеттер ұйымдастырылған және балалар жүйелі түрде тексеруден өтеді. Олардың денсаулығын педиатр мен невропатолог сияқты мамандар бақылауда ұстайды.
Сондай-ақ әр топқа кондиционерлер орнатылғаны, ал аптап ыстық кезінде бөлмелердегі температура мен балалардың су ішу режимі ерекше бақылауда болатыны атап өтілді.