Маңғыстау облысында мыңдаған адам өмір сүретін ауылдар ішімдіктен түбегейлі бас тартты

Олар қауіпсіз әрі қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға бағытталған бастаманы қолдады

Маңғыстау облысында мыңдаған адам өмір сүретін ауылдар ішімдіктен түбегейлі бас тартты
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Маңғыстау облысына қарасты Бейнеу ауданындағы төрт ауыл ішімдіктен түбегейлі бас тартып, «Алкогольсіз ауыл» қатарына қосылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

 Прокуратураның мәліметінше, «Айқын нәтиже» жобасын іске асыру аясында Бейнеу ауданы прокуратурасының бастамасымен Есет, Төлеп, Тұрыш және Тәжен ауылдары «Алкогольсіз ауылдар» қатарына қосылды.

Аталған елді мекендерде 2,6 мыңнан астам адам тұрады. Олар қауіпсіз әрі қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға бағытталған бастаманы қолдады.

Жоба аясында ауыл тұрғындары мен кәсіпкерлер алкоголь өнімдерін сатудан және тұтынудан ерікті түрде бас тартып, қауіпсіз қоғам қалыптастыруға өз үлестерін қосты.

«Бұл бастама қоғамдық тәртіпті нығайтуға, құқық бұзушылықтардың, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың және алкогольдік масаң күйде жасалатын қылмыстардың алдын алуға, сондай-ақ тұрғындар арасында салауатты өмір салты мәдениетін қалыптастыруға бағытталған. Осындай бастамаларды іске асыру тұрғындардың өз елді мекендеріндегі қоғамдық тәртіпті сақтауға деген жауапкершілігін арттыруға ықпал етеді», – делінген хабарламада.