Жәйремдегі той кортежі: желіде тараған видеодан кейін 8 адам көлігінен айырылды

Той кортежіндегі заң бұзушылық әлеуметтік желі арқылы әшкереленді

Жәйремдегі той кортежі: желіде тараған видеодан кейін 8 адам көлігінен айырылды
Фото: Видеодан скрин

Әлеуметтік желідегі видео Ұлытау облысына қарасты Жәйрем ауылындағы той кортежінің жүргізушілерін жауапқа тартуға себеп болды. Полиция жол қозғалысы ережесін өрескел бұзған 8 автокөлікті анықтап, оларды айыппұл тұрағына қойып, 22 әкімшілік хаттама толтырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында Жәйрем кентінде үйлену тойына байланысты ұйымдастырылған автоколоннаның жол қозғалысы қағидаларын өрескел бұзғаны анықталды.

«Автоколоннаны ұйымдастырушыға қатысты әкімшілік хаттама толтырылды. Жол ережесін бұзған 8 автокөлік анықталып, мамандандырылған айыппұл тұрағына қойылды. Барлығы 22 әкімшілік хаттама рәсімделді. Үйлену тойы немесе мерекелік кортеж жол қозғалысы қағидаларын бұзуға себеп бола алмайды», – делінген ПД хабарламасында.

Полиция әлеуметтік желілерге тұрақты мониторинг жүргізіп, заң бұзудың әрбір дерегі бойынша заң аясында шара қабылдайды.