Өскеменде полицейлер өрт сөндірушілер келгенше пәтердегі жалынды өздері ауыздықтаған

Оқиға орнына «Қыран-23» патрульдік полиция экипажы бірінші болып жетті

Өскеменде полицейлер өрт сөндірушілер келгенше пәтердегі жалынды өздері ауыздықтаған
Фото: скриншот

Өскеменде патрульдік полиция қызметкерлері көпқабатты үйдегі пәтерден шыққан өрттің таралуына жол бермеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy

Полицияның мәліметінше, Жедел басқару орталығына тұрғын үйлердің біріндегі пәтерде өрт шыққаны туралы хабарлама түскен. Оқиға орнына «Қыран-23» патрульдік полиция экипажы – Дастан Маратов пен Ерік Ғабдуллин бірінші болып жеткен.

Тәртіп сақшылары пәтердің есігі ашық тұрғанын, ішінен қою түтін шығып жатқанын байқап, бірден ішке кірген. Бөлмелердің бірінде жиһаз жанып жатқанын көрген олар өрт сөндірушілерді күтпей, қолда бар құралдардың көмегімен жалынды сөндіруге кіріскен.

Полицейлердің жедел әрі үйлесімді әрекетінің арқасында өрт бірнеше минут ішінде толықтай сөндіріліп, оның бүкіл пәтерге таралуына жол берілмеді. Соның нәтижесінде ірі материалдық шығын мен ықтимал ауыр зардаптың алдын алу мүмкін болды. Қазір оқиғаның нақты себептері анықталып жатыр.

Осыған байланысты полиция тұрғындарды өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға шақырды. Ведомствоның айтуынша, қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау адам өмірі мен мүлкін қорғаудың ең тиімді жолы болып қала бермек.