Баянауылда жас жігіт Жасыбай көліне батып кете жаздады (ВИДЕО)
Оқиға ТЖД қызметкерлері су айдынын бақылап жүрген кезде орын алған
Құтқарушылар Павлодар облысының Баянауыл ауданындағы Жасыбай демалыс аймағында суға батып бара жатқан ер адамды құтқарды. Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, оқиға су айдынын бақылау кезінде болған. ТЖД жедел-құтқару жасағының қызметкерлері суда батып бара жатқан адамды байқап, бірден көмекке ұмтылған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Құтқарушылар 1998 жылы туған ер адамды судан аман алып шықты. Оны жағаға алып шыққан құтқарушылар дәрігерлер келгенше көмек беріп, кейін жедел жәрдем бригадасына тапсырған. Ведомствоның мәліметінше, құтқарушылардың жедел әрі кәсіби әрекетінің арқасында қайғылы жағдайдың алдын алу мүмкін болды.
Осыған байланысты Төтенше жағдайлар министрлігі тұрғындарға су айдындарында демалу кезінде қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауды тағы да ескертіп отыр. Мамандар тек арнайы рұқсат етілген және жабдықталған жағажайларда ғана шомылуға, белгіленген аумақтан алыс жүзбеуге, өз мүмкіндігін дұрыс бағалауға, алкогольдік ішімдік ішкен күйде суға түспеуге және балаларды қараусыз қалдырмауға шақырды.