ШҚО әкімі кәсіпкерлерді қызметкерлеріне арналған демалыс орындарын салуға шақырды
Мұндай бастама туристік орындардың бейберекет игерілуі мен ретсіз құрылыстың алдын алмақ
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов өңірде туризмді дамыту мәселесіне тоқталып, табиғатты сақтау мен әлеуметтік жауапкершілікке негізделген жобаларды көбейту қажет екенін айтты. Осыған байланысты ол ірі кәсіпорын басшыларын өз қызметкерлері мен олардың отбасыларына арналған заманауи демалыс базалары мен сауықтыру кешендерін салуға шақырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy
Облыс әкімінің айтуынша, мұндай бастама еңбек ұжымдарының сапалы демалысын ұйымдастыруға мүмкіндік беріп қана қоймай, өңірдің көрікті табиғи аумақтарына түсетін жүктемені азайтуға да ықпал етеді. Сондай-ақ туристік орындардың бейберекет игерілуі мен ретсіз құрылыстың алдын алады.
«Біз Шығыс Қазақстанның бірегей табиғатын келер ұрпаққа аман жеткізуіміз керек. Сондықтан көрікті жерлерді бейберекет құрылыс алаңына айналдырмай, экологиялық талаптарға сай, халықтың сұранысына жауап беретін заманауи туристік инфрақұрылым қалыптастыру маңызды. Әлеуметтік жауапкершілігі жоғары бизнес өз қызметкерлеріне арналған сапалы демалыс орындарын салып, бір жағынан адамдардың әл-ауқатын жақсартса, екінші жағынан өңірдің тұрақты дамуына да үлес қоса алады», – деді облыс әкімі.
Өңір басшысы туризмді дамыту экономикалық пайдамен ғана шектелмеуі тиіс екенін де атап өтті. Оның пікірінше, әрбір жаңа жоба табиғатты қорғау талаптарына сай жүзеге асырылып, өңірдің туристік әлеуетін сақтауға және оны ұтымды пайдалануға бағытталуы тиіс.