Нақты абонент саны: Олжас Бектенов өңір әкімдерінің жұмысын бағалайтын басты көрсеткішті атады

Қазақстанда халықтың шамамен 65% табиғи газбен қамтылған

Нақты абонент саны: Олжас Бектенов өңір әкімдерінің жұмысын бағалайтын басты көрсеткішті атады
Фото: Freepik

Мемлекет басшысының халықты газбен қамту деңгейін 80% жеткізу туралы тапсырмасын орындау барысында құр есеп емес, тұрғындардың көгілдір отынға нақты қол жеткізуі басты назарда болуы тиіс. Үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов аймақ басшыларының газдандыру саласындағы жұмысы бұдан былай қалай бағаланатынын нақтылады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Үкімет басшысының айтуынша, елді мекендерді одан әрі газбен қамтамасыз ету атқарушы биліктің ең маңызды міндеттерінің бірі.

«Елді мекендерді одан әрі газбен қамту үкіметтің аса маңызды міндеті болып қала береді. Бүгінгі таңда халықтың шамамен 65% табиғи газбен қамтылған. Мемлекет басшысы елімізді газдандыру деңгейін 80% дейін арттыру бойынша нақты міндет қойды», - деді Олжас Бектенов.

Осыған байланысты Премьер-министр өңір әкімдеріне магистралды инфрақұрылым нысандарын іске қосу мерзімдерін жергілікті газ тарату желілерінің дайындығымен тығыз үйлестіруді тапсырды. Атқарылған жұмыстың нәтижесі тек қағаздағы есеппен немесе тартылған құбырдың шақырымымен өлшенбеуі керек.

«Өңір әкімдіктеріне магистралды инфрақұрылым нысандарын пайдалануға беру мерзімдерін жергілікті газ тарату желілерінің дайындық деңгейімен үйлестіру қажет. Бұл ретте тиімділіктің басты көрсеткіші тартылған құбырлардың ұзындығы ғана емес, үйлерінде газ пайда болып, желіге нақты қосылған абоненттер санымен өлшенуге тиіс», - деп қадап айтты үкімет басшысы.