Алматыда ер адам өгей әкесін пышақтап өлтірді
Күдікті оқиға орнында ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды
Алматының Алмалы ауданындағы Брусиловский көшесінде отбасылық жанжал барысында ер адам өгей әкесін пышақтап өлтірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Криминальный Казахстан» мәліметінше, оқиға туралы хабар түнгі сағат 03:00 шамасында «102» арнасына түскен. Оқиға орнына полиция қызметкерлері мен жедел жәрдем бригадасы жеткен.
Дәрігерлер зардап шеккен 59 жастағы ер адамның өмірін сақтап қалуға тырысқанымен, ол алған пышақ жарақаттарынан көз жұмды.
Тергеудің алдын ала мәліметінше, 34 жастағы өгей ұлы асүй пышағын өгей әкесіне бірнеше рет сұғып алған. Күдіктінің айтуынша, жанжал анасымен болған сөзге келіспеушіліктен кейін туындаған.
Аталған факті бойынша кісі өлтіру дерегімен қылмыстық іс қозғалды. Күдікті оқиға орнында ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазір тергеу амалдары жалғасып, оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.