ХАМАС Газадағы үкіметін тарататынын мәлімдеді

Мұндай шешім АҚШ-тың арағайындығымен қабылданған

ХАМАС Газадағы үкіметін тарататынын мәлімдеді
Фото: Дауд Абу Алкас, Reuters

Палестинаның ХАМАС қозғалысы Газадағы үкіметін таратып, азаматтық билікті техникалық комитетке беру жұмысына кіріскенін мәлімдеді. Бұл туралы Associated Press агенттігі хабарлады, деп жазады Azattyq Rýhy.

ХАМАС өкілдерінің айтуынша, мұндай шешім АҚШ-тың арағайындығымен Израильмен қол жеткізілген атысты тоқтату туралы келісім аясында қабылданған.

Қозғалыс өкілі Исмаил әл-Тауабтаның сөзінше, өкілеттіктер толық тапсырылғанға дейін мемлекеттік қызметтердің жұмысын қамтамасыз ету үшін тек техникалық және әкімшілік қызметкерлер ғана өз орындарында қалады.

Палестина тарапының мәліметінше, азаматтық басқару ісі Әли Шаат жетекшілік ететін технократтардан құралған ұлттық комитетке беріледі. Сондай-ақ билікті тапсыру үдерісіне мемлекеттік құрылымдар, палестиналық саяси күштер мен тәуелсіз өкілдер қатысатын жұмыс тобы құрылғаны айтылды.

Алдағы күндері Каирде ХАМАС, өзге палестиналық топтар және халықаралық делдалдар арасында атысты тоқтату туралы келісімді іске асыруға қатысты келіссөздер жалғасады. Күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі – ХАМАС-ты қарусыздандыру. Қозғалыс бұл үдеріс кезең-кезеңімен жүзеге асуы тиіс екенін айтып, оны Израиль әскерінің Газа секторынан шығарылуымен байланыстыруды талап етіп отыр.

Өз кезегінде Израильдің сыртқы істер министрі Гидеон Саар үкіметтің таратылуы ХАМАС-тың әскери бақылаудан бас тартқанын білдірмейтінін мәлімдеді. Оның пікірінше, қозғалыс Газада азаматтық басқаруды бөлек жүргізіп, қауіпсіздік саласындағы бақылауды өз қолында сақтап қалуды көздейді.

Бұған дейін Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Газа секторын қалпына келтіру жұмыстары ХАМАС толық қарусызданып, өңір демилитаризацияланғаннан кейін ғана мүмкін болатынын тағы да мәлімдеген еді.