Қашаған газын өңдейтін зауыт келесі жылдың соңына қарай дайын болады
Қашаған кен орнындағы қуаты жылына 1 млрд текше метрді құрайтын газ өңдеу зауытының құрылысы қызу жүріп жатыр
Қашаған газ өңдеу зауытының құрылысы 61,4%-ы орындалып, қажетті негізгі жабдықтардың 98%-ы алаңға жеткен. Бүгін үкіметте «QazaqGaz» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Әлібек Жамауов қандай жұмыс істеп жатқаны туралы есеп берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның айтуынша, зауыт тоқтамай салынып жатыр.
«Құрылыс алаңында 1775 жұмысшы мен 314 бірлік арнайы техника бар, олар күні-түні жұмыс істеп жатыр, бұл 2026 жылдың соңына дейін құрылыс-монтаж жұмыстарын толық аяқтауға мүмкіндік береді», - деді Әлібек Жамауов.
Сонымен қатар, ұлттық компания ел үшін маңызы зор басқа да ірі инфрақұрылымдық жобаларды қатар алып жүр. Мәселен, «Бейнеу – Бозой – Шымкент» магистральдық газ құбырының екінші желісін тарту ісі де жоспарға сай алға жылжыған. Бүгінде базалық жобалау жұмыстары толықтай (100%) бітіп, инженерлік іздестіру шаралары 98%-ға орындалды. Жалпы жобалаудың әзірлігі 35,56%-ға жеткен.
Аталған нысанға қажетті құрал-жабдықтарға тапсырыс беріліп қойған, тіпті құбырлардың алғашқы легі Қытай шекарасына келіп жетті. Жоспар бойынша, тамыз айының басында құбырларды жол жиегіне жаю, ал ортасына қарай оларды дәнекерлеп, монтаждау жұмыстары басталады. Ал газ айдау қондырғыларының бірінші партиясы қыркүйек айында өндіруші зауыттан жөнелтілмек.
Ұлттық компания басшысы тағы бір ауқымды жобаның барысына тоқталып өтті.
«Қуаттылығы жылына 2,5 млрд текше метр болатын Қашаған ГӨЗ салу жобасының ЕРС мердігері анықталды. FEED+EPC келісімге биыл жылдың төртінші тоқсанында қол қою жоспарланып отыр», - деді ол.