«Біреуін әрең таптым»: Павлодар облысының әкімі жағажайдан тікелей эфирге шығып, Ертіске өзі шомылғанын көрсетті (ВИДЕО)

Өңір басшысы өзен суының ластанғаны туралы ақпарат шындыққа жанаспайтынын айтты

«Біреуін әрең таптым»: Павлодар облысының әкімі жағажайдан тікелей эфирге шығып, Ертіске өзі шомылғанын көрсетті (ВИДЕО)
Фото: скриншот

Павлодар облысының әкімі Асаин Байханов әлеуметтік желіде тараған «Ертістің суы лас» деген әңгімеге жауап берудің өзгеше жолын таңдады. Ол Instagram желісінде тікелей эфирге шығып, қала жағажайын аралап қана қоймай, Ертіске өзі шомылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Өңір басшысы өзен суының ластанғаны туралы ақпарат шындыққа жанаспайтынын айтты. Оның сөзінше, Ертістің жылдық су ағыны 32 миллиард текше метрді құрайды. Тәулігіне шамамен 80 миллион текше метр су ағып өтетіндіктен, өзендегі ағыс өте күшті.

«Ертістің суы Үлбі, Шүлбі және Бұқтырма су қоймаларынан келеді. Өзеннің бастауы – Моңғолия мен Шығыс Қазақстандағы Алтай таулары. Таудағы мұздықтар мен қар суы еріп, Бұқтырма мен Шүлбі арқылы Ертіске құяды. Қара Ертіс Қытай аумағынан басталғанымен, судың негізгі бөлігі біздің Алтайдан келеді. Сондықтан бұл өзеннің суы таза. Қазір өзім түсіп көрсетейін, бірге көрейік», – деді әкім.

Сондай-ақ ол Ертіс суының сарғыштау болып көрінуі ластанудың белгісі емес екенін айтты. Әкімнің сөзінше, бұл – өзендегі қатты ағыс түбіндегі құмды көтергеннен болатын табиғи құбылыс. Сондықтан өзен суы таза әрі шомылуға қауіпсіз.

Тікелей эфир барысында Байханов өзен суын жақыннан көрсетіп, күннің жарығына байланысты телефон экранын анық көре алмағанын, бірақ судың мөлдір екенін атап өтті.

Әкімнің айтуынша, Павлодардағы орталық жағажайда демалушылар өте көп. Тіпті бос жатқан шезлонг табудың өзі қиын болған.

«Жағажайда 1,5 мың шезлонг бар. Біраз іздеп жүріп біреуін әрең таптым. Шамамен олардың 90 пайызы бос емес», – деді ол.

Өңір әкімінің мәліметінше, орталық жағажай жазғы маусымға толық дайын. Мұнда екі пирс салынған, оның бірі мүмкіндігі шектеулі азаматтарға бейімделген. Сонымен қатар балаларға арналған тегін бассейн, душ кабиналары, киім ауыстыратын орындар жұмыс істейді. Демалушыларға еріктілер де көмектесіп жүр.