Елде сайлауды бақылаушыларға арналған жаңа нұсқаулық жарияланды

Бақылаушы ретінде тек 18 жасқа толған Қазақстан Республикасының азаматтары ғана жіберіледі

Елде сайлауды бақылаушыларға арналған жаңа нұсқаулық жарияланды
Фото: Azattyq Ruhy

Орталық сайлау комиссиясы Қазақстандағы сайлау процесін қадағалайтын бақылаушыларға арналған арнайы әдістемелік материалдар дайындады. Құжатта Конституциялық заңның негізгі ережелері мен бақылаушылардың жұмыс қағидалары егжей-тегжейлі түсіндірілген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Заңнамаға сәйкес, сайлау процесіне бақылау жүргізуге тек белгілі бір субъектілер ғана құқылы. Олардың қатарына саяси партиялар, аккредиттелген қоғамдық бірлестіктер және коммерциялық емес ұйымдар, яғни КЕҰ-лар кіреді.

Бақылаушы ретінде тек 18 жасқа толған Қазақстан Республикасының азаматтары ғана жіберіледі. Дауыс беру күні әрбір сайлау учаскесінде әр партиядан немесе аккредиттелген ұйымнан тек бір ғана бақылаушының бір уақытта қатысуына рұқсат етіледі.

Республикалық ұйымдарды аккредиттеуді ОСК, ал өңірлік және жергілікті ұйымдарды аумақтық сайлау комиссиялары жүргізеді. Бұл ретте құжаттарды қарау мерзімі 30 күнтізбелік күнді құрайды, ал берілген куәлік бір жылға жарамды. Тіркелу үшін ұйымдар өтініш хат пен өздерінің сайлауды бақылау құқығын растайтын жарғысынан көшірмені ұсынуы қажет.

Бақылаушылар сайлау учаскелерінде ашықтықты қамтамасыз ету үшін заңмен бекітілген бірқатар кең өкілеттікке ие. Бақылаушылар сайлау комиссияларының отырыстарына қатыса алады. Дауыс беру барысы мен дауыстарды санау процесін бақылайды, көшірілетін сайлау жәшіктерімен бірге жүреді. Сонымен қатар, сайлау процесіне кедергі келтірмей фото, аудио және бейнежазба жүргізуге, комиссия шешімдеріне шағым түсіруге және хаттамалардың куәландырылған көшірмелерін алуға құқылы.

Бақылаушылар сайлау процесіне, дауыстарды санау мен комиссия жұмысына араласпауға міндетті. Олар өз ескертулерін тек дәлелді әрі тексерілетін фактілерге негіздеуі керек және ешбір кандидатқа немесе партияға бүйрегі бұрмай, бейтараптылықты сақтауы тиіс. Заңнама талаптарын бұзған жағдайда бақылаушы комиссияның уәжді шешімімен учаскеден шығарылады.

Әдістемелік құралда кандидаттардың сенімді тұлғаларының да мәртебесі нақтыланған. Олардың саны әр сайлау учаскесіне 3 адамнан аспауы тиіс. Сенімді тұлғалар бақылаушылардың барлық құқықтары мен міндеттеріне ие, сонымен қатар олардың жазбаша өтініші бойынша учаскелік комиссия дауыстарды қайта санауды жүргізуге міндетті.

Сайлауды бақылау ережелерінің толық мәтінімен, қажетті құжаттар үлгілерімен және әдістемелік ұсынымдармен танысу үшін Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының (ОСК) ресми сайтына өтіңіз.