Қазақстандық боксшы әйелін аяусыз соққыға жықты деп айыпталды: қылмыстық іс қозғалды
Оқиға Көкшетау қаласында маусымның соңы мен шілденің басында болған
Бокстан әлем және Азия чемпионы Теміртас Жүсіпов өз жұбайын аяусыз соққыға жықты деп айыпталды. Оқыс оқиға туралы зардап шеккен әйелдің сіңлісі әлеуметтік желіде мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жәбірленушінің туысының айтуынша, оқиға Көкшетау қаласында маусымның соңы мен шілденің басында болған. Ол 1988 жылы туған спортшы Теміртас Жүсіповтің өз әпкесін өлімші етіп сабағанын және оның ауыр халде ауруханаға түскенін айтты.
«Медициналық құжаттарда асфиксия (тұншығу), бастың ашық жарақаты, құрысу және бас миының ісінуі тіркелген. Ол ес-түзсіз күйде ауруханаға жеткізілді», — деп жазды зардап шегушінің сіңлісі.
Сондай-ақ, туыстары тергеу амалдарының әділ өтуіне күмән келтіріп, алаңдаушылық білдірді. Олардың сөзінше, боксшы ұсталғаннан кейін 5 сағаттан соң босатылған. Еркіндікке шыққан соң ол әйеліне қоқан-лоқы көрсетуді жалғастырған. Егер ажырасатын болса «өлтіремін» деп қорқытып, «таныстары» арқылы әйелін жүйке ауруына шалдыққан етіп көрсетіп, балаларын тартып алатынын айтқан.
Ақмола облыстық полиция департаменті аталған дерекке қатысты ресми түсініктеме берді. Құқық қорғау органдары отбасылық жанжалдың 30 маусым күні болғанын растады.
«Көкшетау қаласының тұрғыны отбасылық жанжал барысында жұбайына дене жарақатын салған. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта полиция тергеу амалдарын жүргізіп жатыр», — деп хабарлады ведомстводан.
Тәртіп сақшылары істің барлық мән-жайы тексеріліп, содан кейін қатысушылардың әрекетіне құқықтық баға берілетінін мәлімдеді.
Теміртас Жүсіпов — Қазақстанның ең атақты боксшыларының бірі. Ол 8 дүркін Қазақстан чемпионы (2018 жылы елдің үздік боксшысы атанған); Әлем чемпионы және Азия чемпионы. Сондай-ақ әскери қызметшілер арасындағы әлем біріншілігі мен Бүкіләлемдік әскери ойындардың жеңімпазы. Astana Arlans» клубының құрамында World Series of Boxing (WSB) чемпионы.