Ақмола облысында жер үй өртеніп кетті

Тілсіз жау 30 шаршы метр аумақты шарпыған

Ақмола облысында жер үй өртеніп кетті
Фото: ТЖМ

Ақмола облысының Балкашино ауылында жер үйге жалғанып салынған дәліз өртенді. Төтенше жағдай кезінде өрт сөндірушілер жарылыстың алдын алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ақпаратқа сәйкес, өрт Сандықтау ауданы Балкашино ауылындағы үйлердің бірінде тұтанған. Оқиға орнына ТЖД күштері мен құралдары жедел жетіп, қызыл жалынмен күреске кірісті. Тілсіз жау 30 шаршы метр аумақты шарпыған. Өртті сөндіру барысында құтқарушылар үлкен қауіптің бетін қайтарған.

«Өрт сөндірушілер қауіпті жерден әрқайсысының көлемі 50 литр болатын екі газ баллонын сыртқа алып шықты. Осылайша мамандар оттың бұдан әрі таралуын және ықтимал жарылысты болдырмады», — деп нақтылады ТЖМ .

Ресми мәлімет бойынша, оқыс оқиға салдарынан ешкім зардап шеккен жоқ. Қазіргі уақытта мамандар тілсіз жаудың неден тұтанғанын және келтірілген шығын көлемін анықтап жатыр.