Алакөлде көпбалалы отбасы жағаға қайта алмай қалған

Құтқарушылар арнайы қайықпен демалушыларды эвакуациялады

Алакөлде көпбалалы отбасы жағаға қайта алмай қалған
Фото: © istockphoto.com

Жетісу облысындағы Алакөл көлінде құтқарушылар ауа райының күрт нашарлауына байланысты қауіпті жағдайда қалған көпбалалы отбасыны эвакуациялады. Қатты желдің салдарынан демалушылар жағаға өз бетінше қайта алмай қалған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оқыс оқиға Алакөл ауданындағы Ақши ауылының маңында, «Көктем Гранд» демалыс аймағына жақын жерде болған. Құрамында 7 баласы бар 9 адамнан тұратын отбасы көл ортасындағы бұғазда серуендеп жүргенде, кенеттен дауыл тұрып, жел күшейген. Биік толқындар мен қолайсыз ауа райы салдарынан олар кері қайта алмай қалған. 

Хабарлама түскен бойда Ақши ауылының жедел-құтқару жасағы мен аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері оқиға орнына жедел жетті.

«Құтқарушылар арнайы қайықпен демалушыларды эвакуациялап, оларды жағаның қауіпсіз бөлігіне аман-есен жеткізді», — деп мәлімдеді Жетісу облыстық ТЖД өкілдері.

Абырой болғанда, оқиғадан ешкім зардап шеккен жоқ. Эвакуацияланған азаматтарға медициналық көмек қажет болмады.

Төтенше жағдайлар министрлігі су айдындарына шықпас бұрын ауа райы болжамымен міндетті түрде танысу қажеттігін тағы да еске салады.