Мемлекет басшысы АҚШ Сауда палатасының аға вице-президентімен кездесу өткізді
Президент Қазақстанның америкалық бизнес үшін қолайлы инвестициялық климат жасауға бейіл екенін атап өтті
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Сауда палатасының Таяу Шығыс, Түркия және Орталық Азия істері жөніндегі аға вице-президенті Хуш Чоксиді қабылдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ақорданың мәліметінше, әңгімелесу барысында мемлекет басшысы Қазақстанның президент Дональд Трамп Әкімшілігімен сындарлы ықпалдастықты нығайта түсуге әзір екенін растады. Сондай-ақ Қазақстан мен АҚШ арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық серіктестіктің стратегиялық сипатына айрықша назар аударды.
Президент Қазақстанның америкалық бизнес үшін қолайлы инвестициялық климат жасауға бейіл екенін атап өтті.
«Қасым-Жомарт Тоқаев пен Хуш Чокси ықпалдастықты кеңейту, соның ішінде аса маңызды минералдарды игеру, энергетика, цифрлық инфрақұрылым, жасанды интеллект, өзара көлік байланысы, озық технологиялар, ауыл шаруашылығы және қаржы қызметтері перспективасын талқылады. Хуш Чокси байланыстарды одан әрі дамыту әлеуетінің жоғары екеніне тоқталып, өзара қызығушылық тудырған бірқатар салада бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайын екенін жеткізді», – делінген Ақорданың хабарламасында.