4,2 млрд доллардан астам қаржы бөлген: Тоқаев Ислам даму банкінің президентімен кездесті
Ал қазіргі және келешектегі жобалар портфелі 3 миллиард доллардан асады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ислам даму банкінің президенті Мұхаммед Сулейман Әл-Джассермен кездесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ақорданың мәліметінше, кездесу барысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ислам даму банкі осы жылдар аралығында Қазақстанның ұлттық даму басымдықтарын қолдайтын сенімді серіктеске айналғанын атап өтті.
Бүгінге дейін Ислам банкі елімізге сомасы 4,2 млрд доллардан астам қаржы бөлген. Ал қазіргі және келешектегі жобалар портфелі 3 миллиард доллардан асады.
Осы орайда Мемлекет басшысы су инфрақұрылымы, өзара көлік байланысы және индустриялық даму салаларындағы стратегиялық маңызды бастамаларға қолдау көрсеткені үшін қаржы институтының жетекшісіне ризашылығын білдірді.
Атап айтқанда, соңғы жылдары ИДБ өз тарихындағы ең үлкен қаржыландыру пакетін мақұлдады. Оның аясына жалпы сомасы 1,15 миллиард доллар болатын Су ресурстарын дамыту бағдарламасы, сондай-ақ Қазақстанның арнайы экономикалық аймақтары мен индустриялық парктеріндегі инфрақұрылымды дамытуды көздейтін құны 1,3 миллиард доллар негіздемелік келісім кіреді.
«Әңгімелесу барысында 2027-2032 жылдарға арналған жаңа Стратегиялық серіктестік шеңберіндегі ықпалдастық мәселесі талқыланды. Президент еліміздің ИДБ-мен ұзақмерзімді институционалдық серіктестікті жолға қоюға және қолайлы инвестициялық саясат жүргізуге бейіл екенін растады. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Ислам даму банкі топтарының жыл сайынғы кездесуін 2028 жылы Қазақстанда өткізу жөніндегі ұсынысқа қолдау білдірді. Ауқымды инвестициялық іс-шараға Банкке мүше мемлекеттер мен қаржы институттарының өкілдері, халықаралық инвесторлар қатысады», – делінген Ақорданың хабарламасында.