Астанада ескі теміржол вокзалының төбесі құлады
Төбе опырылып түскен сәтте нысан ішінде 8–9 адам болған
28 маусымда таңертең Астана қаласының ескі теміржол вокзалы аумағында төтенше жағдай болды. Ғимарат ішіндегі тамақтану орынының төбесі құлап түскен. Оқиға орнынан түсірілген бейнежазба әлеуметтік желілерде лезде тарады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқиға куәгерлерінің сөзінше, төбе опырылып түскен сәтте дәмхана ішінде 8–9 адам болған. Олардың басым бөлігі қауіпті дер кезінде байқап, сыртқа жүгіріп шығып үлгерген.
«ҚТЖ» ҰК» АҚ баспасөз қызметі оқиғаны таңғы сағат 05:35 шамасында вокзал аумағында орналасқан «Ертас» ЖШС-нің қоғамдық тамақтану пунктінде болғанын растады.
«Вокзалдың медициналық пунктіне тамақтану орнының екі келушісі жүгінді. Оларға алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Зардап шеккендер жедел жәрдем бригадасын шақырудан бас тартты. Оқиға бойынша вокзал бастығының кезекші көмекшісі тиісті актіні толтырды», — деп хабарлады компания.
Теміржол компаниясының өкілдері апат болған асхана ғимаратының «ҚТЖ»-ға ешқандай қатысы жоқ екенін баса айтты. Бұл жай 2002 жылдан бері «Ертас» ЖШС-нің жеке меншігінде екен.
Жеке қолға өткен нысанның жалпы ауданы 2371 шаршы метрді құрайды. Ұлттық тасымалдаушы бұл нысан Көлік компаниясының технологиялық процесінде пайдаланылмайтынын, сондықтан оны басқаруға құқығы жоқ екенін және оның күтіміне жауап бермейтінін мәлімдеді.