Алматыда ішімдікке сылқия тойған ер адам көлік ұрлап кеткен (ВИДЕО)
Ол осыған дейін жүргізуші куәлігінен айырылған
Алматы қаласында ішімдікке сылқия тойған ер адамның көлік ұрлап кеткені анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Алматы қаласының Бостандық ауданында патрульдік полиция қызметкерлері Тимирязев пен Шашкин көшелерінің қиылысында Kaiyi маркалы автокөлікті тоқтатты. Тексеру барысында жүргізушінің масаң күйде екендігін көрсететін айқын белгілер анықталып, ол дереу көлік жүргізуден шеттетілді.
Одан әрі жүргізілген тексеру нәтижесінде аталған азаматтың бұған дейін көлік құралын басқару құқығынан айырылғаны белгілі болды. Сонымен қатар, автокөлік Наурызбай ауданынан ұрланған көлік ретінде есепте тұрғаны анықталды.
Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
«Аталған дерек бойынша екі қылмыстық іс қозғалды: көлік құралын заңсыз иемдену және жүргізуші куәлігінен айырылған тұлғаның алкогольдік масаң күйде автокөлік басқаруы фактілері бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», – делінген қалалық ПД хабарламасында.
Алматы қаласының полициясы азаматтарға заң талаптарын қатаң сақтаудың маңыздылығын ескертеді. Мас күйде көлік басқару – жай ғана құқық бұзушылық емес, адам өмірі мен денсаулығына төнетін тікелей қауіп.