Рульде отырып, есінен танып қалған: Алматыда автобус жүргізушісі көз жұмды

Автобус жолында тұрған екі көлікке соқтығысқан

Рульде отырып, есінен танып қалған: Алматыда автобус жүргізушісі көз жұмды
Фото: Видеодан скрин

Алматыда рульде отырған автобус жүргізушісі есінен танып, артынша жантәсілім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Полиция департаментінің мәілметінше, Жетісу ауданында қоғамдық көліктің қатысуымен жол-көлік оқиғасы болды.

Алдын ала мәліметтерге сәйкес, №131 бағыттағы автобус жүргізушісі Жангелдин көшесімен оңтүстік бағытта келе жатып, Mercedes және Toyota маркалы автокөліктерімен соқтығысқан.

«Бастапқы деректер бойынша, қозғалыс барысында автобус жүргізушісінің денсаулығы күрт нашарлап, салдарынан ол көлік құралын басқаруды толық бақылауда ұстай алмаған. Өкінішке қарай, жүргізуші оқиға орнында көз жұмды», – делінген хабарламада.

Аталған жағдай бойынша тиісті сараптамалар тағайындалды. Оқиғаның мән-жайы мен себептері жан-жақты тексеру барысында анықталатын болады.