«Қалтасына салмақ түскенде ғана түсінеді»: министр «штрафстан теңеуіне қатысты пікір білдірді

Оның айтуынша, айыппұл тәртіп орнатудың тиімді құралы

«Қалтасына салмақ түскенде ғана түсінеді»: министр «штрафстан теңеуіне қатысты пікір білдірді
Фото: istockphoto.com

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда елімізді «штрафстан» деп атайтындарды сынға алған болатын. Осыған қатысты Ішкі істер министрі Ержан Сәденов өз пікірін білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Министрдің айтуынша, әлемнің барлық елінде айыппұл қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етудің тиімді тетігі саналады.

«Өкінішке қарай, кейбір азаматтар ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін тек қалтасына салмақ түскенде ғана түсінеді. Кез келген жазаның басты мақсаты – азаматтардың қауіпсіздігі мен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету. Бүгін қалыптастыратын қағидаттарымыз бен ұстанымдарымыз болашақ ұрпақтың қандай қоғамда өмір сүретінін айқындайды. Олар бір-біріне құрметпен қарайтын қоғамда өмір сүре ме? Бүгінде қоғамды мәдени деңгейі жоғары, құқық бұзушылыққа төзбейтін ортаға айналдыруға бағытталған нормалар қабылдану үстінде», – деді Сәденов.

Оның сөзінше, айыппұл заң талаптарын сақтаған адамға емес, оны саналы түрде бұзған адамға салынады.

«Айыппұл заңға бағынатын азаматқа емес, ережені әдейі бұзған адамға жазылады. Олардың қателігі өзгелерге сабақ болуы керек. Балалар да кішкентайынан мұндай әрекеттердің заңға бағынатын адамға тән емес екенін түсінуі қажет. Мысалы, Ұлытау облысында балалардың стадиондағы орындықтарды қиратып жатқанын немесе Астанада саябақтарды өртегенін көрдік. Ал Атырау облысында кішкентай баланың үлкендерден қалған қоқысты жинап жүргені көпке үлгі болды. Бұл – тәртіптің қадірін түсінетін жаңа буынның қалыптасып келе жатқанын көрсетеді», – деді министр.

Ержан Сәденов тәртіп пен заңға бағынудың қоғам үшін маңызы зор екенін атап өтті.

«XIX ғасырда адамдар бағдаршамның не екенін білмеген. Ал бүгінде қызыл жарық жанғанда тоқтау – қалыпты құбылыс. Қазақстанда алғашқы бағдаршам өткен ғасырдың 30-жылдары Алматыда орнатылды. Ол кезде қалада шамамен 8 мың көлік болған. Қазір Алматыда 700 мыңнан астам, ал ел бойынша 6 миллионнан астам көлік тіркелген. Егер бағдаршамдар болмаса не боларын бір сәт елестетіп көріңіз. Жалпы, адам заң аясында өмір сүрсе, ол еркін өмір сүреді. Оған қорқудың да, ақталудың да қажеті жоқ. «Не істеріңді білмесең, заңға сүйен» деген сөз бекер айтылмаған», – деп түйіндеді ІІМ басшысы.