Алматыда 17 жыл бұрын банктердің бірінен 183 млн теңге ұрлаған ер адам Қырғызстанда қолға түсті
Ол Бас прокуратураның сұрауы бойынша елге экстрадицияланды
17 жыл бойы қашып жүрген ұйымдасқан қылмыстық топ басшысы Қырғызстаннан экстрадицияланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бас прокуратураның мәліметінше, тергеу барысында күдікті 2007-2008 жылдары аралығында Алматыда ұйымдасқан қылмыстық топтың басшысы болып, қазақстандық банктердің бірінен 183 миллион теңгеден астам ақшаны қайтарымсыз несие беру арқылы ұрлағаны анықталды.
Ақша топ мүшелері арасында бөлініп, жеке мақсаттарына пайдаланылған.
«Қылмыс жасағаннан кейін ҰҚТ мүшесінің бір бөлігі сотталған, ал күдікті қылмыстық қудалау органынан жасырынған, осыған байланысты халықаралық іздеуге берілген. 2026 жылғы ақпанда ол Бішкектеұсталып, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының сұрауы бойынша елге экстрадицияланды. Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторына қамалды», – делінген Бас прокуратураның хабарламасында.
Айып тағылған қылмыстар үшін мүлкі тәркіленіп, 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.