Жұмысшы және техникалық мамандықтарға басымдық беріледі: биыл колледж гранттары 10 мыңға қысқарды
Құжат қабылдау 25 маусымда басталады
Қазақстанда 2026-2027 оқу жылына колледждерге арнап 140 мың мемлекеттік грант бөлінген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 10 мың орынға аз. Былтыр техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына 150 мың грант қарастырылған еді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Дегенмен Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, биыл техникалық мамандықтарға бөлінетін гранттар саны артқан. Колледждерге құжат қабылдау 25 маусымда басталады. Талапкерлер құжаттарын eGov.kz порталы арқылы немесе оқу орнына тікелей барып тапсыра алады.
Орта буын мамандықтары мен қолданбалы бакалавриат бағдарламаларына түсушілер арасында конкурс аттестаттағы міндетті және бейіндік пәндердің орташа балы негізінде өткізіледі. Ал жұмысшы біліктілігін алғысы келетін талапкерлер әңгімелесу нәтижесі бойынша қабылданады.
Кейбір мамандықтарға қосымша емтихан қарастырылған. Атап айтқанда, педагогикалық бағытқа түсушілер эссе немесе диктант жазса, медициналық және шығармашылық мамандықтарға үміткерлер арнайы емтихан тапсырады.
Құжат қабылдау мерзімі мамандық бағытына қарай әртүрлі:
- жұмысшы біліктілігі бойынша – 27 тамызға дейін;
- 9 және 11-сынып базасындағы орта буын мамандықтарына – 22 тамызға дейін;
- шығармашылық мамандықтарға – 20 шілдеге дейін;
- педагогикалық мамандықтарға – 10 тамызға дейін;
- 9-сынып базасындағы медициналық мамандықтарға – 10 тамызға дейін;
- 11-сынып базасындағы медициналық мамандықтарға – 15 тамызға дейін;
- кешкі оқу бөліміне түсушілер үшін – 20 қыркүйекке дейін.
Айта кетейік, соңғы жылдары мемлекет жұмысшы және техникалық мамандықтарға басымдық беріп келеді. Соған қарамастан, биыл колледждерге бөлінген грант санының қысқаруы талапкерлер арасындағы бәсекені күшейтуі мүмкін.