Қазақстаннан 190 мың тоннадан аса бензин ұрланбақ болған

Көлеңкелі айналым көлемі 37,2 млрд теңгеден асады

Қазақстаннан 190 мың тоннадан аса бензин ұрланбақ болған
Фото: istockphoto.com

Қазақстанда жыл басынан бері жанар-жағармай материалдарын ел аумағынан заңсыз шығарудың 700-ден астам әрекеті тоқтатылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Энергетика министрлігінің жанар-жағармай материалдарын экспорттауға енгізген мораторийі кезеңінде 6 заңсыз отын шығару арнасы әшкереленіп, 1,5 мың тоннадан астам жанармай тәркіленді. Биылдың өзінде 8 қылмыстық іс тіркелді. Олардың ішінде 28,5 мың тонна есепке алынбаған мұнайды заңсыз өңдеу және 190 мың тоннадан астам бензинді контрабандалық жолмен шығару жағдайлары бар. Көлеңкелі айналым көлемі 37,2 млрд теңгеден асады.

«Ішкі істер министрлігі тарапынан жанармайды қайта жабдықталған көлік құралдары арқылы заңсыз шығару схемалары анықталып, жолы кесілуде. Сонымен қатар техникалық қызмет көрсету станцияларында қосымша бактар орнату деректері тексерілуде. Мәселен, Жамбыл облысында сәуір айының соңынан маусым айының ортасына дейін қосымша жанар-жағармай бактары мен газ жабдықтарын заңсыз орнатудың 73 фактісі тіркелген. Қордай ауылында 16 ТБС тексеріліп, 6-ауының иесіне қатысты тиісті шаралар қабылданған. Қаржылық мониторинг агенттігі экспорт кезінде жалған құжаттарды пайдалану фактілерін анықтау бағытында жұмыс жүргізіп жатыр. Жыл басынан бері мұнай өнімдерінен сынама алу және мұнай өңдеу нысандарын тексеру бойынша 57 іс-шара өткізілді», – делінген Үкіметтің хабарламасында.

Жалпы, жыл басынан бері «Переток» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Қаржылық мониторинг агенттігі, Ішкі істер министрлігі және ҰҚК Шекара қызметімен бірлесіп, автомобильдік кеден бекеттерінде жанар-жағармай материалдарын заңсыз шығарудың 712 әрекеті тоқтатылды.

Бұл шаралар ішкі нарықта жанар-жағармай тапшылығының алдын алуға және тұтынушыларды тұрақты қамтамасыз етуге бағытталған. Уәкілетті органдар бұл бағыттағы жұмысты жалғастыруда.