$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
23.07.2020, 12:20
Жаңалықтар

Алматыда пневмониямен ауыратындар саны екі есеге кеміді – Сағынтаев

Соңғы күндері пневмониямен ауырып ауруханаға түсетіндер саны 90%-дан 47%-ға дейін азайды

Алматыда пневмониямен ауыратындар саны екі есеге кеміді – Сағынтаев

 Қауіп тобындағы амбулаториялық науқастарға бақылауды күшейту үшін мониторинг жүргізіліп жатыр. Бүгінгі дерек бойынша науқастар саны екі есеге дейін кеміді. Дәл қазір шілде айының басындағы жағдаймен салыстырғанда стационарлардағы науқастар 47 пайызға дейін азайған. Бұл туралы «Алматы» телеарнасында өтіп жатқан Akimat Live бағдарламасында қала әкімі Бақытжан Сағынтаев мәлімдеді.

«Алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдары деңгейінде мобильді бригадалардың жұмысына мән берілді. Алгоритмге сәйкес, мобильді бригада екі жағдайда науқастың үйіне бара алады: ПТР-тестке материал алу үшін және емхана дәрігерінің тағайындауы бойынша үйде емдеу үшін барады. Осының арқасында науқастарды бақылауға алу мүмкіндігі туды. Бұған түрлі саладағы 58 дәрігер, яғни терапевт, педиатр, пульмонолог, аллерголог, кардиолог секілді мамандар жұмылдырылған»,- деді қала басшысы.

Б. Сағынтаевтың айтуынша, пандемияны тоқтатудың ең тиімді екі жолы бар – бұл қолданыстағы шектеу шаралары және төсек-орын санын арттыру. Коронавирус дерті келгелі бері Алматыда инфекциялық стационарлардың саны 2-еу болса, қазір олар 26-ға дейін жетті. Пандемия басталғанда шаһарда небәрі 500 төсек-орны бар еді. Қазір бұл сан 6096-ға дейін өсті.

«Біз күздегі тұмау, жедел респираторлық аурулар, суық тию мен өзге де маусымдық ауруларға дайындық үшін бір мезетте 7700 пациентке стационарлық емдеуді қамтамасыз ететін мүмкіндік жасаймыз. Соған дайын отырамыз. Бұл үшін қазір тиісті шаралар қолға алынды. Алдағы күндері жаңа ковидтік стационарлар енгізілетін болады. Оларды алдын ала санитарлық-эпидемиологиялық аудиттен өткен денсаулық сақтау объектілерінің базасында ашатын боламыз.

Қазіргі уақытта жауапты мамандар құрылыс жұмыстарын жүргізуде. Олардың ішінде 250 төсектік "Қазақстан", 376 төсектік "Көктем", 140 төсектік "Самал" пансионаты, 230 төсектік "Астана" қонақүйі, 360 төсектік ҚазАТК жатақханасы, 100 төсектік ҰОС мүгедектеріне арналған республикалық клиникалық госпиталь, 500 орынға шақталған Арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы бар. Бұл жаңа стационарлар жұмыс істеп тұрған нысандарға қосымша тамыз айының соңына дейін кезең-кезеңімен іске қосылатын болады»,- деді қала әкімі.

Бақытжан Сағынтаев Алматыда тағы да бір модульдік-инфекциялық аурухана ашылатынын мәлімдеді. Естеріңізде болса, биыл сәуірде Алатау ауданында 280 төсек-орындық аурухана 18 күнде салынған болатын. Қала билігі дәл осындай тағы бір инфекциялық орталық ашуды 15 қыркүйекке дейін  жоспарлап отыр. Ол жерде 300-350 төсек-орындық аурухана болады. Қазір құрылыс компанияларымен және қаланың білікті дәрігерлерімен кеңес жүріп жатыр деді әкім.

«Алматыдағы «Rams Kazakhstan» құрылыс компаниясымен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Олардың шаһарда екі ірі қонақүйі бар. Түркиялық құрылыс кәсіпорны коронавирусқа қарсы күрес үшін осы екі мейманхананы стационарлық ауруханаға беруге келісті. Ол жерде 250 төсек-орын болады. Ол жерге Түркиядан білікті дәрігерлер келіп, жергілікті халықты емдейді. Осылайша,  жаңа салынатын модульдік орталықты қосқанда, күзге қарай болатын маусымдық ауруларға біз қосымша 1000 орын дайындап қоямыз»,- деді Б. Сағынтаев.

Алматыда пневмониямен күреске қажетті оттегімен қамтатасыз ету бойынша кешенді жұмыс жүріп жатыр. Ауыр жағдайдағы науқастармен жұмыс істейтін бірінші эшелонның 8 клиникасы оттегі беру жүйесімен қамтамасыз етіледі. Күзге дейін Алматының барлық клиникаларында оттегінің орталықтан берілуін жүзеге асырамыз деді Алматы қаласының әкімі.

«Сапалы емге әсер ететін факторлардың бірі – науқастарды медициналық оттегімен қамтамасыз ету. Осыған байланысты, бұл мәселені жүйелі түрде шешу үшін медициналық ұйымдарға оттегі станцияларын орнату бойынша қалалық бағдарлама қабылданды. Осының арқасында бірінші эшелондағы жатын орындардың 100%-ы оттегімен қамтылады»,- деді шаһар басшысы.

Егер клиникаларда қажетті көлемде станция жұмысын қамтамасыз ете алатын өз оттегі станциясы болса, онда ол жүйені реттеу керек. Ол үшін қаржы да бөлінді. 10 қыркүйекке дейін ауыр жағдайдағы науқастармен жұмыс істейтін бірінші эшелондағы 8 клиника орталықтандырылған оттегі беру жүйесінің стационарларымен қамтамасыз етіледі. 

«Екінші кезеңде біз екінші эшелондағы клиникаларды оттегімен қамтамасыз етуге көшеміз, сол арқылы бұл мәселені шешеміз», – деді Бақытжан Сағынтаев.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы

Серіктес жаңалықтары