ШҚО-дағы шахтада тау жынысы опырылып, бір адам қаза тапты
Қайғылы оқиға 30 мамыр күні сағат 20:30 шамасында шахтаның өндірістік учаскелерінің бірінде болған
Шығыс Қазақстан облысындағы «Востокцветмет» компаниясына қарасты Артемьев шахтасында қайғылы жағдай болды. Жер астында тау жыныстарының опырылып құлауы салдарынан кәсіпорын жұмысшысы көз жұмды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Компания таратқан ресми мәліметке сәйкес, қайғылы оқиға 30 мамыр күні сағат 20:30 шамасында шахтаның өндірістік учаскелерінің бірінде тіркелген.
«Тау массасының құлауы салдарынан кәсіпорын жұмысшысының қаза тапқанын хабарлаймыз. Бұл бүкіл ұжым үшін орны толмас ауыр қасірет. Әріптесіміздің отбасына, туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтамыз», — делінген кәсіпорынның ресми мәлімдемесінде.
Қайғылы жағдайдан кейін апат болған учаскедегі өндірістік және кен қазу жұмыстары дереу тоқтатылды.
Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы мен себептерін анықтау үшін кәсіпорын мамандары мен құзыретті мемлекеттік органдардың өкілдерінен құралған арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр.
«Востокцветмет» ЖШС басшылығы қаза тапқан кеншінің отбасына қажетті барлық материалдық және психологиялық көмек пен қолдау көрсетілетінін атап өтті. Оқиғаның толық мән-жайын анықтау кәсіпорын үшін басты міндет болып отыр. Сонымен қатар, болашақта мұндай қайғылы жағдайлардың алдын алу мақсатында қосымша қауіпсіздік шаралары әзірленетін болады.
Сондай-ақ, «KAZ Minerals» тобының басқарма төрағасы Андрей Третьяков арнайы құрылған комиссия мүшелерімен тұрақты байланыста отырғаны және оқиға орнына аттанғаны белгілі болды.