Астанада екі жер үй өртеніп кетті
Құтқарушылар өртеніп жатқан аумақтан 5 газ баллонын сыртқа шығарып, жойқын жарылыстың алдын алды
Елорданың Байқоңыр ауданындағы жеке секторда ірі өрт шықты. Төтенше жағдайлар министрлігінің өрт сөндіру бөлімшелері тілсіз жауды ауыздықтап, қауіптің бетін қайтарды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
ТЖМ мәліметінше, өрт Байқоңыр ауданындағы Толстой көшесінің бойында болған. Төтенше жағдай орнына алғашқы құтқару топтары жеткен кезде, жанамалас орналасқан үш ғимараттың шатыры ашық өртке оранып, қатты жалындап жатқан. Өртті сөндіру жұмыстары жоғары өрт жүктемесі, айналаны қою қара түтіннің басуы және ғимараттардың бір-біріне тығыз орналасуы салдарынан күрделене түсті.
Жалынды тез арада ауыздықтау үшін мамандар суды үздіксіз беру жүйесін ұйымдастырып, өрт ошақтарына бірнеше су ұңғыларын бағыттады. Құтқарушылар жедел әрі кәсіби әрекеттерінің арқасында үлкен апаттың алдын алды.
«112 пультіне зардап шеккендер туралы ақпарат түскен жоқ. Қабылданған шаралардың нәтижесінде өрт оқшауланды. Нақтыланған мәлімет бойынша, екі жер үй мен бір шаруашылық құрылыстың шатыры өртенген. Құтқарушылар өртеніп жатқан аумақтан 5 газ баллонын сыртқа жедел шығарып, жойқын жарылысты болдырмады», — деп хабарлады ТЖМ баспасөз қызметі.
Қазіргі уақытта ашық жалын толықтай өшірілді. Өрт сөндірушілер іштен түтіндеп, қайта тұтануы мүмкін жасырын ошақтарды жою үшін конструкцияларды бөлшектеп, су құю жұмыстарын жүргізіп жатыр.