Алматы тауларында жарақат алған турист эвакуацияланды

Оның қасында бірге серуендеп шыққан тағы 2 турист болды

Алматы тауларында жарақат алған турист эвакуацияланды
Фото: ТЖМ

Алматы тауларында серуендеп жүріп, аяғынан жарақат алған саяхатшыға құтқарушылар көмекке келді. Фурманов шыңынан түсу кезінде зардап шеккен ер адам алған жарақатына байланысты жолын өздігінен жалғастыра алмаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, жарақат алған азамат тауда жалғыз болмаған. Оның қасында бірге серуендеп шыққан тағы 2 турист болды. Олар досына барынша қолдау көрсетіп, құтқару қызметін күткен. Зардап шегушіге жедел көмек көрсету үшін оқиға орнына Қазақстан ТЖМ «Барыс» республикалық құтқару жасағының жедел тобы жіберілді.

«Мәлімдеме түскен бойда ТЖМ «Барыс» жедел тобы дереу аттанды. Құтқарушылар Кімасар шатқалына жеткеннен кейін, турист жүрген биіктікке қарай жаяу өрмелеуді бастады», — деп хабарлады мекемеден.

Арнайы іздестіру-құтқару операциясы барысында мамандар зардап шеккен жас жігітті аман-есен тауып, оны төменге тасымалдауға дайындады. Құтқарушылар туристі Кімасар шатқалына дейін қауіпсіз жеткізіп, төменде оны Апаттар медицинасы орталығының бригадасына тапсырды. Алғашқы медициналық тексеруден кейін турист ауруханаға жеткізілді.

Қазіргі уақытта дәрігерлер туристке қажетті медициналық көмек көрсетіп жатыр. ТЖМ мамандары тауға шығу кезінде қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауды және ауа райы мен денсаулық жағдайын назардан тыс қалдырмауды ескертеді.