Алимент қарызы 4 млн теңгеге жеткен: БҚО-да ер адам сотталып кетті
Ер адамның бір жылдан аса уақыт алимент төлемегені анықталды
Батыс Қазақстан облысында ер адам балаларына алимент төлемегені үшін сотталып кетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Сот оны 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырды. Оның бір жылдан астам уақыт бойы алимент төлеуден қашып жүргені анықталды. Нәтижесінде алимент бойынша 4 млн теңге көлемінде қарыз қалыптасқан.
Ол осыған дейін де қылмыстық жауапқа тартылған, алайда рақымшылыққа ие болып, жазадан босатылған. Осыған қарамастан, ата-аналық міндетін орындаудан жалтаруын тоқтатпаған.
«Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ. Осы жылдың 4 айында Батыс Қазақстан облысында алимент төлеуден жалтарған борышкерлерге қатысты ҚК-нің 139-бабы бойынша 21 қылмыстық құқықбұзушылық тіркелді. Оның ішінде: 7 іс тараптардың татуласуына байланысты тоқтатылған; 5 іс бойынша айыптау үкімдері шығарылған; қалған қылмыстық істер өндірісте», – делінген прокуратура хабарламасында.