«4 мыңға жуық жарылғыш затты жойды»: қазақстандық бітімгерлердің жаңа құрамы БҰҰ миссиясына кірісті

БҰҰ миссиясындағы қазақстандық үшінші контингент қызметін бастады

«4 мыңға жуық жарылғыш затты жойды»: қазақстандық бітімгерлердің жаңа құрамы БҰҰ миссиясына кірісті
Фото: Қорғаныс министрлігі

Қазақстандық бітімгерлер бұұ миссиясында кезекті ротациядан өтті. БҰҰ миссиясының жауапкершілік аймағындағы Фауар базасында қазақстандық бітімгерлік контингенттердің ауысуы өтіп, жаңа құрам қызметке кірісті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ротация полковник Ұлан Нұрғазиевтің жетекшілігімен өтті. БҰҰ-ның «Бөлінген аумақты бақылау күштері» миссиясы қолбасшысының резервіндегі екінші және үшінші бітімгерлік роталардың командирлері подполковниктер Жәнібек Нұрланов пен Ілияс Алматов Десанттық-шабуылдау әскерлері қолбасшылығының өкіліне әскери контингенттердің ауысқаны жайлы баяндады.

«Саптық алаңдағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын тапсырудың салтанатты рәсімі алдыңғы құрамның қызметті аяқтап, жаңа контингент миссиясының басталғанын білдірді. Үшінші бітімгерлік контингент ротасының қолбасшылығын қабылдаған подполковник Ілияс Алматов дайындық барысында меңгерілген кәсіби дағдылар әскери қызметшілерге жүктелген міндеттерді тиімді орындауға мүмкіндік беретінін атап өтті. Миссияны орындау кезеңінде екінші бітімгерлік контингент мыңнан астам іс-шара өткізді. Инженерлік-саперлік топ төрт мыңға жуық жарылыс қаупі бар зат пен қолдан жасалған жарылғыш құрылғыны жойды», – делінген Қорғаныс министрлігінің хабарламасында.

Ведомство дерегіне сүйенсек, бітімгерлер бақылау бекеттеріндегі қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, аумақты патрульдеді, гуманитарлық жүктерді алып жүрді, эвакуация жұмыстарын жүргізіп, жергілікті тұрғындарға медициналық көмек көрсетті.

Базаға келген үшінші бітімгерлік контингенттің әскери қызметшілері орналасуға және істерді қабылдау жұмыстарына кірісіп кетті. Рота штабы жеке құрамның қызметтік міндеттерін нақтылап, БҰҰ-ның мандатында көзделген тапсырмаларды орындауға дайындықты ұйымдастыратын болады.