Қазақстан, Әзербайжан және Түркия еріктілер қозғалысын дамытып жатыр
Әйел еріктілердің үлесіне басымдық берілген
Әзербайжандағы Қазақстан Республикасының елшілігінде «Әзербайжан, Қазақстан және Түркияның дамуына әйел-еріктілердің қосқан үлесі» тақырыбында халықаралық форум өтті. Іс-шараны Баку қаласының халықаралық әйелдер клубы мен Қазақстанның Әзербайжандағы елшілігі ұйымдастырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Форумға танымал қоғам қайраткерлері, кәсіпкер әйелдер, мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың және дипломатиялық корпустың өкілдері қатысты.
Қазақстанның Әзербайжандағы төтенше және өкілетті елшісі Әлім Байел форумның Әзербайжан Республикасының Тәуелсіздік күні мен Еріктілер жылына орай ұйымдастырылғанын атап өтті. Оның айтуынша, 2026 жыл БҰҰ деңгейінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Тұрақты даму жолындағы халықаралық еріктілер жылы болып жарияланған.
Сонымен қатар елші қазақ қоғамындағы заманауи волонтерлік қозғалыстың бастауы ежелгі «Асар» дәстүрінен тарайтынын айтты.
Әзербайжан Парламентінің Отбасы, әйелдер және балалар істері комитетінің төрайымы Хиджран Гусейнова елдегі әйелдер белсенділігінің қалыптасу тарихы мен әйелдерді қолдаудың заманауи тетіктері туралы баяндады.
Ал Әзербайжандағы Мексика елшісі Мария Виктория Ромеро Кабальеро форумға қатысушы елдердегі әйелдер еріктілігін дамытуға бағытталған бастамаларға қолдау білдірді.
Түркия елшісінің жұбайы Зөхрэ Акгюн педиатр ретіндегі тәжірибесіне сүйене отырып, балалар арасындағы аутизмді ерте анықтаудың маңызы туралы презентация жасады. Ол ерекше қажеттілігі бар балалардың қатарластарымен бірге білім алуына қолайлы әлеуметтік орта қалыптастырудың маңызын айтып, Түркия тәжірибесімен бөлісті.
Форум барысында Қазақстан, Әзербайжан, Түркия, Молдова және АҚШ елдерінен келген спикерлер қазіргі қоғамдағы әйел-еріктілердің рөлі туралы баяндама жасады.
Баку халықаралық әйелдер клубының президенті Әсемгүл Байел, Астана қаласы әкімдігінің Қызмет көрсету және туризм колледжінің директоры Салтанат Басығараева, «Астана Жастары» жастар ресурстық орталығының волонтерлік қозғалысты дамыту департаментінің жетекшісі Эльвира Есмұханова Қазақстандағы еріктілер қозғалысының тәжірибесі мен жетістіктері туралы айтты.
Ал «Sky Line Partners» компаниясының негізін қалаушы әрі президенті Айтен Ширинова, Çeşme агромәдени даму кооперативінің төрайымы Йешим Тюзюн Юксель және өзге де қатысушылар әйелдер еріктілігінің даму перспективалары, қиындықтары мен стратегиялық бағыттары жайлы айтты.
Форум қорытындысы бойынша қатысушылар түркі кеңістігінде әйелдердің азаматтық бастамаларын қолдау және бірлескен жобаларды жүзеге асыру бағытында ынтымақтастық орнатуға келісті.
Іс-шара аясында Әзербайжан Республикасының еңбек сіңірген әртістері Ферғана Гасымова, Гюльянаг және Гюльяз Маммадовалар, сондай-ақ ерекше қажеттілігі бар балалар өнер көрсетті.
Айта кетейік, Баку қаласының халықаралық әйелдер клубы – 1994 жылы құрылған үкіметтік емес коммерциялық емес ұйым. Ұйым 32 жыл ішінде көптеген мәдени, қайырымдылық және ағартушылық шаралар өткізген. Соңғы ауқымды іс-шаралардың бірі 2026 жылдың сәуір айында Бакуде өткен көктемгі қайырымдылық жәрмеңкесі болды.