«Мемлекеттік ақпараттық жүйелерге бақылау әлсіреген»: Байтілесов Үкіметтен тексеріс талап етті

Мемлекеттік органдардың цифрлық инфрақұрылымына қатысты мәселелер енді тек басқарушылық сипаттағы проблема емес

«Мемлекеттік ақпараттық жүйелерге бақылау әлсіреген»: Байтілесов Үкіметтен тексеріс талап етті
Фото: depositphotos.com

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Нұрсұлтан Байтілесов премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің атына депутаттық сауал жолдап, мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі қауіпсіздік пен бақылау мәселесін көтерді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.   

Депутаттың айтуынша, елімізде мемлекеттік басқаруды цифрландыру және электронды үкіметті дамыту бағытында ауқымды жұмыс жүргізіліп жатқанымен, мемлекеттік ақпараттық жүйелерде жүйелі мәселелер қордаланған.

«Бүгінде мемлекеттік органдар, оның ішінде құқық қорғау органдары көптеген ақпараттық жүйелерді, платформаларды және ведомстволық деректер қорларын пайдаланады. Алайда көп жағдайда бұл жүйелерді басқарудың біртұтас әрі ашық моделі жоқ. Яғни меншік иесі, оператор, баланс ұстаушы, әкімші және бағдарламалық қамтамасыз етудің авторлық құқық иесі әртүрлі субъектілер болып отыр. Соның салдарынан жауапкершілік төмендеп, маңызды цифрлық инфрақұрылымға тиімді бақылау жүргізілмей отыр», – деді Нұртай Байтілесов.

Ол әсіресе азаматтардың жеке деректері, тергеу материалдары, салық және қаржы ақпараты сақталатын жүйелердегі жағдай ерекше алаңдаушылық туғызатынын айтты.

«Мұндай жүйелердің едәуір бөлігі әртүрлі платформаларда, түрлі мердігерлер арқылы бөлшектеп жасалған. Соның салдарынан деректер қайталанып, жүйелер бір-бірімен үйлеспей, оларды сүйемелдеуге және жаңғыртуға кететін шығындар көбейіп отыр. Сонымен қатар ақпараттық қауіпсіздік тәуекелі де арта түсті», – деді депутат.

Мәжілісменнің сөзінше, қазіргі уақытқа дейін мемлекеттік ақпараттық жүйелерді есепке алу, оларды балансқа қою, цифрлық активтерді түгендеу, бастапқы код пен техникалық құжаттаманы мемлекетке өткізу бойынша бірыңғай тәсіл қалыптаспаған.

«Тәжірибеде кейбір мемлекеттік органдар белгілі бір жеткізушілерге технологиялық тұрғыда тәуелді болып қалған. Ол компаниялардың қатысуынсыз жүйелерді сүйемелдеу мен жаңарту қиын немесе мүлде мүмкін емес. Мұндай жағдайлар мемлекеттің өз ақпараттық жүйелеріне толық бақылау жүргізе алмауына алып келеді», – деді ол.

Депутат мысал ретінде Ұлттық экономика министрлігінің кәсіпкерлік субъектілері тізіліміне қатысты жағдайды келтірді.

«Жеткізушімен өзара жұмыс тоқтағаннан кейін жүйені әкімшілендіру, қолжетімділік, кілттер мен техникалық сүйемелдеу мәселелерінде қиындықтар туындаған. Бұл мемлекет өзінің ақпараттық жүйелеріне толық бақылауды жоғалту қаупі бар екенін көрсетеді», – деді Нұртай Байтілесов.

Осыған байланысты депутаттар Үкіметтен мемлекеттік ақпараттық жүйелерге толық түгендеу жүргізуді, нақты иелері мен операторларын анықтауды, сондай-ақ мемлекеттік органдардың жүйелерді толық бақыламай отырған фактілеріне құқықтық баға беруді сұрады.

Сонымен қатар мәжілісмендер мемлекеттік ақпараттық жүйелерді қамтитын бірыңғай мемлекеттік реестр құруды ұсынды. Онда жүйенің иесі, операторы, баланс ұстаушысы, мердігері, қаржыландыру көзі және оның маңыздылық деңгейі көрсетілуі тиіс.

«Мемлекеттік органдардың цифрлық инфрақұрылымына қатысты мәселелер енді тек басқарушылық сипаттағы проблема емес. Бұл ақпараттық қауіпсіздік пен ұлттық тұрақтылыққа тікелей әсер ететін мәселе», – деді депутаттық сауалда.