«Түнде тіркелгендер өтіп кеткен»: Астанадағы BINOM мектебіне құжат тапсыра алмаған ата-ана шу шығарды

1-сыныпқа баратын балаларының құжатын тапсыра алмаған ата-аналар жүйенің әділдігіне күмән келтіреді

«Түнде тіркелгендер өтіп кеткен»: Астанадағы BINOM мектебіне құжат тапсыра алмаған ата-ана шу шығарды
Фото: baitursynov.binom.edu.kz

27 мамырда елімізде eGov порталы арқылы 1-сыныпқа құжат қабылдау басталды. Алайда, қабылдау енді басталса да, Астанадағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде ашылған BINOM мектеп-лицейлерінің маңында тағы да дау шықты, деп жазады Azattyq Rýhy.

Редакциямызға хабарласқан, ата-ана Ахмет Байтұрсынұлы атындағы BINOM мектебіне қабылдау ресми уақыттан бұрын басталып кеткен. Олардың сөзінше, 27 мамырға қараған түні сағат 00:00-ден кейін жүйе тест режимінде тұрғанына қарамастан, кей балалар мектепке тіркеліп үлгерген.

Ал ресми түрде жарияланған таңғы сағат 9:00-де порталға кірген көп ата-ана балаларын бұл мектепке тіркей алмай қалғанын айтады.

 «Бізге портал 27 мамыр күні таңғы сағат 9:00-де ашылады деді. Бірақ сол уақытта жүйе жұмыс істемеді. Кейін қабылдауды 28 мамырға ауыстырған шығар деп ойладық. Ертеңінде тағы таңғы сағат 9:00-де кірсек, орын толып кеткен болып шықты. Сонда мұның бәрі не үшін жасалды? Егер түнде тіркелуге мүмкіндік болса, неге біз ресми уақытты күттік? Үш балам осы мектепте оқиды. Төртінші баламды үйден алыс мектепке тасып жүрмеймін», – дейді аты-жөнін жарияламауды сұраған әйел.

Кей ата-ана өтініш қабылдау кезегінің де түсініксіз болғанына наразы. Олардың айтуынша, ертерек өтініш бергендердің өзі мектепке іліне алмаған.

«Біз өтінішті таңғы сағат 9:00-де жібердік. Бірақ қабылданбадық. Ал бізден кейін, 9:03 пен 9:06-да тапсырғандар қабылданып кеткен. Оның себебін бізге ешкім түсіндіріп жатқан жоқ», – дейді ата-аналардың бірі.

Алайда мектеп әкімшілігі ата-аналардың бұл уәждерімен келіспейді. Жиналғандардың алдына шыққан директордың бастауыш сынып бойынша оқу ісі жөніндегі орынбасары балалар толықтай жүйе арқылы қабылданып жатыр дегенге сендірмек болды. 

Мектеп өкілінің сөзінше, түнде жасалған әрекеттердің бәрін жүйе бұғаттап отырған.Сондай-ақ, ертерек өтініш бергендердің арызы қабылданбай, кейін тапсырғандардың құжаттары өтіп кеткені туралы әңгіме шындыққа жанаспайды, дейді ол. 

«Жүйе хабарланған уақытта іске қосылды. Ерте де, кеш те ашылған жоқ. Біз жыл сайын мектепте неше бірінші сынып ашылатынын алдын ала жариялаймыз. Белгіленген орын санынан артық бала қабылдай алмаймыз. Егер мектепті тек бірінші сынып оқушыларымен толтырып қойсақ, қалған сыныптар қайда оқиды?» – дейді директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Зәуре Түсіпова.

Дегенмен редакцияға хабарласқан ата-аналардың бірі орын нақты осы аумақта тұратын балаларға емес, уақытша тіркеуде тұрғандарға бұйырып кеткеніне наразы екенін айтады. Оның сөзінше, мектепке шын мәнінде осы маңда тұратын әрі күнделікті қатынайтын балалар өте алмай қалған.

 «Үйді осы мектепке жақын болсын деп, несиеге алған едік. Мектепке қарама-қарсы үйде тұрамыз. Бірақ, баламның құжатын тапсыра алмай қалдық. Енді не істейтінімді білмеймін. Жүйеге мекенжайымызды енгізгенде автоматты түрде осы мектеп шықты. Демек, біздің аумақ осы мектепке қарайды деген сөз ғой. Тіпті бұл жерде даярлық сыныбына ай сайын 75 мың теңге төлеп оқыған балалардың өзі өте алмай жатыр. Менің уайымдайтыным – өзім күні бойы жұмыстамын. Баламның қолына смарт сағат тағып, сырттай бақылап, мектепке өзі барып-келіп жүре ме деп ойлағанмын. Өйткені тасып жүретін адам жоқ. Ал енді төрт-бес аялдама жердегі мектепке баланы жалғыз жіберу қиын», – дейді Айбарша Бекей есімді ата-ана. 

Одан бөлек, мектептен орын ала алмаған ата-ана енді басқа білім ошақтарына да тіркеле алмай сенделіп жүргендерін айтады.

«Жарайды, бұл мектепке өтпедік. Енді жақын жердегі №86 мектепке барсақ, «сіздер біздің аумаққа жатпайсыздар» дейді. Біз «мекенжайымыз бойынша осы мектепке өте алмай қалдық» десек, анықтама әкеліңдер дейді. Бірақ ондай анықтаманы бұл мектеп бермейді. «Білім басқармасына барыңыздар» дейді. Біз осылай мекеме жағалап жүргенде, барлық мектеп толып қалады ғой», – дейді наразы ата-ананың бірі.

Мектеп әкімшілігінің мәліметінше, биыл дәл осы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы BINOM мектебінің 1-сыныбына 1000-ға жуық өтініш түскен. Алайда мектеп тек 325 бала қабылдай алады. Оның 250 орны қазақ сыныптарына, 75 орны орыс сыныптарына бөлінген. Әкімшілік өкілдері бұдан артық бала қабылдауға мүмкіндік жоқ екенін айтады. Қазір кей оқушылар резервтік тізімге қойылған.

Мектептің сөзінше, егер алдағы уақытта жоғары сыныптардан, әсіресе 9-сыныптан кейін оқушылар кетіп, қосымша орын босаса, жаңа 1-сыныптар ашылуы мүмкін. Бірақ бұл мәселе әзірге нақты шешілмеген. Қосымша сынып ашылған жағдайда, резервке тіркелген ата-аналарға хабар берілмек.