«Күніне 1500-2000-ға көлік қатынайды»: депутат Түлкібастағы теміржол өткелі мәселесін шешуді сұрады
Түлкібас кентіндегі теміржол өткелі арқылы күн сайын 1500-2000-ға жуық автокөлік қатынайды
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Ұласбек Сәдібеков премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевтың атына депутаттық сауал жолдап, Түркістан облысының Түлкібас ауданындағы теміржол өткеліндегі күрделі жағдайды көтерді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Депутат сауалында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев инфрақұрылымды жаңғырту мен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді тұрақты түрде басты назарда ұстайтынын атап өтті.
«Мемлекет басшысы өз жолдауларында көлік және инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беру мәселелерін үнемі басты назарда ұстап келеді», – делінген депутаттық сауалда.
Сәдібековтің айтуынша, Түлкібас кентіндегі теміржол өткелі жергілікті халық үшін ұзақ жылдан бері шешілмей келе жатқан мәселе.
«Қазіргі таңда Түлкібас кентіндегі теміржол өткелі арқылы күн сайын 1500-2000-ға жуық автокөлік қатынайды. Бұл өткелді 20 мыңға жуық тұрғын тұрақты пайдаланады», – деді депутат.
Сондай-ақ ол аумақта әлеуметтік және өндірістік нысандардың шоғырланғанын атап өтті.
«Бұл аумақта өндірістік кәсіпорындар, 1400 орындық мектеп пен мектепке дейінгі мекемелер орналасқан. Бұдан бөлек, 300-ден астам адам жұмыспен қамтылған», – деп көрсетілген құжатта.
Депутат теміржол арқылы өтетін пойыздардың көптігі салдарынан көлік қозғалысы қатты қиындайтынын айтты.
«Аталған аумақта тәулігіне 70-тен астам пойыз өтеді. Соның салдарынан автокөліктердің күту уақыты 15 минуттан 55 минутқа дейін созылып отыр», – делінген сауалда.
Оның айтуынша, бұл жағдай тек уақыт жоғалту ғана емес, қауіпсіздікке де тікелей әсер етіп отыр.
«Бұл мәселе жедел жәрдем, өрт сөндіру және басқа да шұғыл қызметтердің уақытылы жетуіне кедергі келтіріп, азаматтардың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіріп отыр», – деді Ұласбек Сәдібеков.
Сәдібеков мәселе бұрын да көтерілгенін, бірақ толық шешім табылмағанын айтты.
«Бұған дейін, осыдан екі жыл бұрын да депутаттық сауал жолданып, бұл түйткілді мәселе тиісті мемлекеттік органдардың назарына ұсынылған болатын. Алайда мәселе толық шешімін таппады», – делінген құжатта.
Депутаттың дерегінше, теміржол өткелін шешуге арналған жоба дайындалған және мемлекеттік сараптамадан өткен.
«Түркістан облысының Түлкібас ауданы Кемербастау ауылдық округінде жолөткел салу» жобасының жалпы құны – 4,01 млрд теңге. Жоба бойынша мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған», – деп көрсетілген сауалда.
Соңында депутат үкіметке нақты ұсыныстар жолдады.
«Түлкібас ауданындағы теміржол өткелінде көлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және кептеліс мәселесін шешу бойынша кешенді шаралар қабылдауды, жобаны республикалық бюджет есебінен қаржыландыруды және жүйелі инженерлік шешімдер енгізуді сұраймын», – деп түйіндеді ол.