Петропавлда жартылай жалаңаш ер адам түнгі уақытта көшенің ортасына жатып алды
Ол жанармай бекетіне де барып, шу шығарған
Петропавлда 29 жастағы ер адам түн ішінде жанармай бекеті маңында шу шығарып, көлік жүретін жолға жатып алған. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі qaz-media.kz басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Басылымның мәліметінше, СҚО-да 27 мамырға қараған түні 29 жастағы ер адам нағыз «қойылым» қойды. Оқиға Жәлел Қизатов көшесіндегі жанармай құю станциясының (ЖҚС) маңында болған. Үстінде тек шортысы бар, жартылай жалаңаш ер адам алдымен көшенің ортасына шығып, тура асфальтқа жатып алған. Кейін көліктерге қарай ұмтыла бастаған. Жүргізушілер ер адамды қағып кетпеу үшін шұғыл тежегіш басқан.
Бірақ шоу мұнымен аяқталған жоқ. Бұзақы жанармай бекетіне қарай бет алған. Ол жерде ішке кіруге әрекеттеніп, айқайлап, шыны есіктерді қолымен және аяғымен ұрып, кіреберіс алдындағы асфальтта аунаған.
Жанармай құю станциясының қызметкерлері есікті ішінен жауып алып, полиция шақыран. Оқиға орнына патрульдік полиция мен жедел жәрдем жетті.
«Аталған факті бойынша әкімшілік материал толтырылып, ер адам уақытша ұстау камерасына қамалды. Сондай-ақ мүлікке зақым келуі мүмкін деген факт бойынша тексеру жүргізіліп жатыр», – деп хабарлады полиция департаментінің баспасөз қызметінен.
Оған енді ұсақ бұзақылық үшін 20 тәулікке дейін қамалуы мүмкін.