Қазақстанда ерікті қоныс аудару тетіктері мен білім беру жүйесі жаңарады

Заң жастарды қолдауға бағытталып отыр

Қазақстанда ерікті қоныс аудару тетіктері мен білім беру жүйесі жаңарады
Фото: pixabay

Ьүгін Мәжілісте Сенат депутаты Амангелді Есбай Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жетілдіруге, көші-қон саясатын жаңғыртуға және ұлттық біліктілік жүйесін дамытуға бағытталған заң жобасы жайлы баяндады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Заң жобасын таныстыру барысында депутат Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында еңбек адамының рөліне ерекше мән берілгенін атап өтті.

«Әділетті Қазақстанды құрудың басты тетігі еңбек адамдары. 2025 жыл Жұмысшы мамандықтар жылы болып жарияланды. Бұл бастама ел экономикасына серпін беріп, еңбек адамының мәртебесін арттырды», – деді ол.

Депутаттың айтуынша, қазіргі еңбек нарығында тек жоғары білімді мамандар ғана емес, заманауи технологияларды меңгерген білікті техникалық кадрлар да аса қажет.

«Экономиканың дамуы адал еңбек етіп жүрген адамдарға негізделеді. Сондықтан өндірісте жұмыс істей алатын кәсіби мамандарды даярлау уақыт талабы болып отыр», – деді Амангелді Есбай.

Заң жобасында үш негізгі бағыт қамтылған.

  • Бірінші бағыт – техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жетілдіру. Бұл бағытта ауыл жастарын қолдау мақсатында сұранысқа ие мамандықтар бойынша колледждерге конкурссыз қабылдау тетігі қарастырылған. Сонымен қатар, колледждердің инфрақұрылымын тиімді пайдалану және түскен қаражатты материалдық базаны нығайтуға бағыттау ұсынылады. Дуальды оқыту жүйесі де жаңғыртылып, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының рөлі күшейтіледі.
  • Екінші бағыт – көші-қон саясатын реттеу. Еркін қоныс аудару тетіктері арнайы заң аясында қарастырылып, әлеуметтік кодекстен бөлек реттелмек. Бұл тәсіл бағдарламаны тек жұмыссыздықты азайту құралы емес, стратегиялық көші-қон саясаты ретінде қарастыруға мүмкіндік береді.
  • Үшінші бағыт – ұлттық біліктілік жүйесін дамыту және цифрландыру. Бұл жүйеге кәсіподақтар мен жергілікті әкімдіктер қосылып, еңбек нарығын реттеу тетіктері күшейтіледі. Сондай-ақ кәсіби біліктілікті жедел растауға арналған ваучерлер енгізіледі.

Бұдан бөлек, қазақстандық мамандардың біліктілігін халықаралық деңгейде тану тетіктерін кеңейту және дағдылардың цифрлық банкін енгізу жоспарланған. Депутат бұл заң жобасы жастарды қолдауға, жұмысшы мамандықтардың беделін арттыруға және ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге бағытталғанын айтты.

«Әділетті Қазақстанды құру әр азаматтың адал еңбегіне негізделеді. Сондықтан бұл заң жобасын қолдауларыңызды сұраймын», – деді Амангелді Есбай.