Қазақстан жасанды жаңбыр жаудыра ала ма: вице-министр эксперимент қалай өтіп жатқанын айтып берді

Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансұр Ошурбаев пікір білдірді 

Қазақстан жасанды жаңбыр жаудыра ала ма: вице-министр эксперимент қалай өтіп жатқанын айтып берді
Фото: Azattyq Ruhy, Әбілқасым Есентаев ЖИ

Бүгін Мәжіліс кулуарында экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансұр Ошурбаев жасанды жаңбыр жаудыру эксперименті жайлы айтып берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Менің ойымша, бірінші эксперименттен кейін-ақ оның қандай нәтиже беретінін түсінуге болады. Эксперимент сәйкесінше белгілі бір қорытындыларды көрсетеді. Бұл мәселе, мен бұрын айтқанымдай, жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің құзыретіне жатады. Біздің тарапымыздан тек бұлттар мен метеорологиялық бақылау бөлігі ғана қадағаланады. Белгілі бір жеке учаске немесе локальды әсерді біз бөлек бағаламаймыз, бұл біздің құзыретімізден тыс», – деді Ошурбаев.

Ол министрлік «Қазгидромет» деректері негізінде және экологиялық мониторинг тұрғысынан жұмыс істейтінін айтты.

«Біз тәжірибені зерттеп жатырмыз. Эксперимент аяқталғаннан кейін бұлттық ақпаратқа талдау жсалады. Сондай-ақ жауын-шашын зерттеліп, нәтижелерге баға беріледі. Егер эксперимент барлық параметрлер бойынша нормаларға сәйкес келіп, нормадан асып кетпесе, онда жалпы экологиялық талаптарға сай деп айтуға болады. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, мұндай технологиялар жалпы экологиялық қауіпсіз деп есептеледі және су ресурстарын толықтыруға бағытталған. Әсіресе табиғи су қоймалары қар еруі, тасқындар немесе жауын-шашынның азаюы салдарынан ылғал жеткіліксіз алатын жағдайларда қолданылады. Ал жауын-шашынды өңірлер арасында қайта бөлу әсері болмайды, өйткені әсер нақты бір аймақтағы бұлттарға ғана жүргізіледі. Сондықтан, менің ойымша, бұл мәселе қосымша нақтылауды қажет етпейді», – деді ол.