«Өндірісте қаза тапқан адамның қаны кімнің мойнында?»: Жаңбыршин экологиялық қателіктің ауыр зардаптарын айтып, ашуға берілді

Бизнес дұрыс жұмыс істесе, оларға сұрақ болмайды

«Өндірісте қаза тапқан адамның қаны кімнің мойнында?»: Жаңбыршин экологиялық қателіктің ауыр зардаптарын айтып, ашуға берілді
Фото: видеодан скриншот

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Еділ Жаңбыршин Мәжілістің жалпы отырысында депутат әріптестеріне экология мәселесіне қатысты эмоцияға беріліп жауап қатты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Мәжіліс отырысында депутат Азат Перуашев шағын және орта кәсіпорындарға экологиялық заң аясында қысым жасалып жатқанын айтты. Еділ Жаңбыршин әріптесіне қарата деректерді нақты келтіріп айтты.

«Депутаттар мұны білуі керек. Бұл бір. Екіншіден, біздің Конституцияда не деп жазылған? Бірінші бапта адамның өмірі мен құқығы ең жоғары құндылық деп жазылып тұр. Президент те соны айтып отырған жоқ па? Қоршаған ортаны қорғау, адамның өмірі мен әл-ауқаты бәрі негізгі басымдық. Ол Конституцияның преамбуласында да көрініс тапқан. Сіздер не айтып отырсыздар? Егер құс фабрикасы, шошқа фабрикасы немесе кез келген өндіріс орны болса, дұрыс жұмыс істесін, заңды сақтасын, қоршаған ортаны бүлдірмесін. Сонда ешқандай сұрақ болмайды. Бірақ сіздер заңды да, түзетуді де дұрыс оқымаған сияқтысыздар. Оқып қараңыздар: онда бәрі нақты жазылған, процедурасы анық көрсетілген. Біріншіден, прокуратура хабардар етіледі», – деді Еділ Жаңбыршин.

Ол Атырау мұнай өңдеу зауытының қалдықтарына қатысты мысал келітрді.

«Ертең Атырауда АМӨЗ күкірт қышқылын шығарып жатса, біз не, үш күн күтіп отырамыз ба? Бүкіл Атырауды улатып алып, содан кейін ғана әрекет етеміз бе? Немесе Маңғыстауда азот немесе басқа да газдар ауаға төгіліп жатса,  немесе битум зауыты түнгі сағат үште зиянды заттар тастаса, біз прокуратурадан рұқсат күтуіміз керек пе? Демалыс күні болса не істейміз? Бірінші мамыр болса, прокуратура жұмыс істемесе, күтіп отырамыз ба? Кейбір кәсіпорындар дәл осындай жағдайларды пайдаланып отыр. Кеше үш адам қаза тапқан авария болды. Сонда кім жауап береді? Кім оның қанын мойнына алады? Сіздер ме, осы жерде отырған депутаттар ма? Адамның өмірі маңызды ма, әлде бизнестің пайдасы ма? Маған соны айтыңыздаршы. Егер бизнес дұрыс жұмыс істесе, барлық технологияны сақтаса, өз міндеттемесін орындаса онда ешқандай сұрақ болмайды. Бірақ егер бизнес өз міндетін орындамаса, алдын алу шараларын сақтамаса, технология енгізбесе, суды, ауаны, жерді бүлдірсе, онда міндетті түрде сұрақ туындайды», – деді ол.

Депутат тек аса қауіпті нысандар ғана қатаң тексерілетінін айтты.

«Олар өздеріне міндеттеме алады: біз осындай көлемде шығарындылар жасаймыз, соны сақтаймыз деп. Егер нормадан асып кетсе, онда жауапкершілік туындайды. Ал үшінші және төртінші санаттағы бизнеске мұндай қатаң тексеріс жүрмейді. Үшінші санатта тек декларация тапсырады. Төртінші санатта тіпті есеп те жеңіл, кей нысандарға тек формалды бақылау ғана бар. Яғни шағын және орта бизнеске артық жүктеме жоқ. Сондықтан «бәріне қысым жасалып жатыр» деу – дұрыс емес. Тағы да айтайын, біз үлкен жүйелік мәселеге келіп отырмыз. Мұнай-газ саласында өте қауіпті улы заттар бар. Мен эколог ретінде бұл саламен ұзақ жылдар жұмыс істедім, сондықтан салдарын жақсы білемін. Неге біз радиациялық қауіпсіздікті қатаң реттедік? Себебі уранның әсері миллиардтаған жыл сақталады. Плутонийдің әсері жүздеген миллион жылға созылады. Сондықтан мұндай салаларда бақылау қатаң болуы тиіс», – деді ол.

Сол сияқты тамақ қауіпсіздігі де күшейеді Себебі, адам уланып, балалар ауырған соң, тексеру күшейген, дейді ол. 

«Біз шахталарда адамдар қаза тапқаннан кейін ғана әрекет етпеуіміз керек. Тамақтан улану, өндірістік апаттар болғаннан кейін ғана тексеру басталмауы тиіс. Экология министрлігі кейде өндіріс орындарына кіре алмайтын жағдайлар да болады. Кей кәсіпорындар тексерушілерді үш күн бойы кіргізбей қояды. Ал сол аралықта не болып жатқанын ешкім көрмейді», – деді ол.

Депутат өз әріптестерінен заң жобасын дұрыс оқуды сұрады.

«Біз ешкімді қинап жатқан жоқпыз. Дұрыс жұмыс істейтін бизнеске ешқандай сұрақ жоқ. Бірақ егер бизнес өз міндетін орындамаса, технология енгізбесе, экологиялық талаптарды бұзса – онда жауапкершілік болуы керек. Осы норманы дұрыс оқыңыздар. Онда бәрі нақты жазылған. Қажет болса, мен түсіндіріп бере аламын. Екінші оқылымға дейін бұл мәселе толық нақтыланады», – деді ол.

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов депутаттарды эмоцияға беріліп сөйлеу - регламентке сай емесін айтып, ескерту жасады.