Солтүстік Қазақстан облысына жаңа прокурор тағайындалды

Ол бүгінге дейін Павлодар облысы прокурорының бірінші орынбасары лауазымында қызмет етті

Солтүстік Қазақстан облысына жаңа прокурор тағайындалды
Фото: Бас прокуратура

Солтүстік Қазақстан облысының прокуроры лауазымына Ержан Ерғанатұлы Дүйсекенов тағайындалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Мемлекет басшысының келісімімен және Бас Прокурордың бұйрығымен аға әділет кеңесшісі Солтүстік Қазақстан облысының прокуроры лауазымына тағайындалды», – делінген Бас прокуратураның хабарламасында.

Ведомство мәліметінше, Ержан Дүйсекенов еңбек жолын Екібастұз қаласы прокурорының көмекшісі болып бастады. Әр жылдары Екібастұз қаласы прокурорының орынбасары, Павлодар облысы прокурорының аға көмекшісі, Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеттің Павлодар облысы бойынша департаментінің бастығы лауазымдарын атқарды.

2023 жылғы қыркүйектен Павлодар облысы прокурорының бірінші орынбасары лауазымында қызмет етті.

Қызметтік міндеттерін мінсіз атқарғаны үшін «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен наградталған. Прокуратураның құрметті қызметкері.