Лагерьдегі балалар қиын жағдайға тап болса, QR-код арқылы көмек сұрай алады – Сүлейменова

12 мыңнан астам волонтер да тартылмақ

Лагерьдегі балалар қиын жағдайға тап болса, QR-код арқылы көмек сұрай алады – Сүлейменова
Фотоколлаж: Әбілқасым Есентаев/Azattyq Ruhy

Биыл жазда 11 135 демалыс орталығы 3 млн 200 мың баланың демалысын ұйымдастырады. Үкімет отырысында оқу-ағарту министрі Жүлдыз Сүлейменова  алғаш рет «Білім беру ұйымдарында балалардың сауықтырылуы мен демалысын ұйымдастыру қағидалары» бекітілгенін айтты,деп хабарлайды  Azattyq Rýhy 

«Қағидаларға сәйкес сауықтыру орталықтарының жазғы маусымға дайындығын тексеріп, қабылдап алуға мүдделі мемлекеттік органдар бірлесіп қатысады. Бұған қоса, демалыс орталықтарында жұмыс істейтін мамандардың сапалық құрамына мән берілген, әрбір қызметкердің соттылығы тексеріледі. Мамандардың біліктілігін арттыру үшін курстар мен семинарлар ұйымдастырылған», - деді министр.

Оның айтуынша, жазғы демалысты ұйымдастыру жұмыстарына 120 мың педагог-ұйымдастырушы, сондай-ақ 12 мыңнан астам студент пен волонтер тартылады.

«Балалардың жазғы демалысын қауіпсіз әрі сапалы ұйымдастыру мақсатында кері байланыс және жедел көмек көрсету тетіктері де күшейеді. Атап айтқанда, білім басқармаларының жанынан құрылған колл-орталықтар жазғы демалысқа қатысты азаматтардың өтініштері мен сұрақтарын қарайды. Сонымен қатар, «111» байланыс орталығы жазғы кезеңде күшейтілген режимде жұмыс істейді. Барлық білім беру ұйымдарында балалардың тікелей көмек сұрауына арналған QR-кодтар ілінген», - дейді Жұлдыз Сүлейменова.