Мейрамханаға жиналып, түлектер кешін өткізетін балаларды әкім мен полиция тексеретін болды
Кештерге ақша жинауға да болмайды
Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова биыл 9 және 11-сыныпты аяқтаған оқушылар 29 мамыр мен 15 маусым аралығында аттестация тапсыратынын мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Қорытынды аттестаттауды 9 сыныптың 343 мың оқушысы тапсырады. Емтихан кестесі математика 29 мамырға, таңдау пәні, 3 маусымға, оқыту тілі 8 маусымға, оқыту тілі мен әдебиеті 11 маусымға бекітілді. 11-сыныпты 215 мың оқушы аяқтайды. Емтихан материалдарын Ұлттық тестілеу орталығы оқу бағдарламасына сәйкес әзірледі», - деді Жұлдыз Сүлейменова үкімет отырысында.
Министр атағандай, емтихандардың ашықтығы мен академиялық адалдығын қамтамасыз ету мақсатында материалдар білім беру ұйымдарына тікелей емтихан күні жолданады.
«11-сынып түлектеріне аттестаттарды салтанатты табыстау рәсімі 17–18 маусым күндеріне жоспарланған. Іс-шараларды тек білім беру ұйымдарының базасында өткізуді тапсырдым. Мейрамханаларда, кафелерде, банкет залдарында түлектер кешін ұйымдастыруға және заңсыз қаражат жинауға тыйым салынды. Осыған байланысты Оқу-ағарту министрлігі мен жергілікті атқарушы органдардың бірлескен бұйрығы қабылданды. Әкімдіктер бұл мәселені ішкі істер органдарымен бірлесіп қатаң бақылауда ұстау керек, бұл өзекті», - деді ол.