OIBO-2026: Қазақстандық оқушылар халықаралық олимпиадада 6 медаль жеңіп алды
Халықаралық білім бәйгесіне әлемнің 17 елінен 100-ден астам жас биолог қатысты
Ресей Федерациясының «Сириус» федералды аумағында 2026 жылғы 15–22 мамыр аралығында Ашық халықаралық биология олимпиадасы өтті. Бұл беделді білім бәйгесіне әлемнің 17 елінен 100-ден астам жас биолог қатысып, бақ сынасты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Аталған додада ел намысын қорғаған Қазақстан құрамасы жоғары нәтиже көрсетті. Сайысқа қатысқан 6 оқушымыздың барлығы да жүлделі орындардан көрініп, қоржынға 2 алтын, 3 күміс және 1 қола медаль салды.
Халықаралық деңгейде жоғары дайындық пен білім деңгейін көрсетіп, ел намысын қорғаған оқушыларымыздың жетістігі ерекше атап өтуге тұрарлық. Атап айтқанда, алтын медаль иегерлері қатарында Павлодар облыстық «Білім-Инновация» мамандандырылған лицей-интернатының 11-сынып оқушысы Ерсұлтан Қайыркен және Алматы қаласы Медеу ауданындағы NIS-тің 11-сынып оқушысы Софья Желтова бар. Күміс медальді иеленген оқушылар да жоғары нәтиже көрсетті. Олардың қатарында Павлодар облыстық «Білім-Инновация» мамандандырылған лицей-интернатының 10-сынып оқушысы Нұрәлі Біләлов, Шығыс Қазақстан облыстық «Білім-Инновация» мамандандырылған лицей-интернатының 11-сынып оқушысы Дарын Мұқашев және Маңғыстау облыстық «Білім-Инновация» лицей-интернатының 9-сынып оқушысы Нұрасыл Әділғали бар. Ал қола медаль иегері ретінде Қарағанды қаласындағы NIS-тің 10-сынып оқушысы Евгения Меженина халықаралық додада үздік екенін дәлелдеді.
Команда жетекшісі – республикалық және халықаралық олимпиадалардың бірнеше дүркін жүлдегері, қазіргі уақытта «Астана медицина университеті» КеАҚ-ның 4-курс студенті Дінмұхаммед Оразбаев.
Халықаралық OIBO олимпиадасы теориялық, практикалық және командалық жобалау турларынан тұрды. Зияткерлік жарыс барысында қатысушылар молекулалық биология, генетика, биохимия және физиология пәндері бойынша күрделі тапсырмаларды орындады. Сондай-ақ ботаника, зоология және заманауи биоинформатика бағыттары бойынша зертханалық жұмыстарды іс жүзінде жүргізді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл олимпиада мектеп оқушыларының ғылыми-зерттеу дағдыларын, ақпаратты терең талдау және пәнаралық байланыстарды тиімді қолдана алу қабілеттерін бағалады.